Криптовалютамен заңсыз айналысқан кәсіпкер 615 млн теңгеден аса табыс тапқан
Одан заңсыз алынған барлық қаржы тәркіленді
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында аса ірі мөлшерде заңсыз табыс тапқан кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қаралды.
Іс құжаттарына сәйкес, кәсіпкер арнайы лицензиясы жоқ бола тұра, 2022 жылғы қыркүйектен бастап, 2024 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде 615 млн 375 мың 63 теңге баламалы қаржыға USDT криптовалютасын сатып алып, оны одан әрі айырбастау пунктінің айналым қызметінде пайдаланған. Осылайша, цифрлық активтерді қолма-қол ақшаға айырбастау арқылы аса ірі мөлшерде табыс тапқан.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен және қылмыстық іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді. Ал өзі кінәсін ішінара мойындады.
Сот үкімімен А. ҚР ҚК-нің 214-бабы 2-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ҚР ҚК-нің 50-бабы 3-бөлігі негізінде сотталушыға 5 жыл мерзімге қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымына байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды, - делінген сот хабарламасында.
Кәсіпкерден заңсыз алынған барлық табыс (615 млн 375 мың 63 теңге) және мемлекет кірісіне өндірілген соманың 3%-ы мөлшерінде мемлекеттік баж өндірілді.