Биыл елімізде қай мамандық бойынша жұмыс табу оңай екені белгілі болды
Барлық өңірде сұраныстан гөрі, өтініш берушілердің ұсынысы артқан
Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысшыларға қай салада сұраныс жоғары екенін мәлімдеді.
2024 жылғы шілдеде Электронды еңбек биржасына 104,4 мың бос жұмыс орны және 132,4 мың түйіндеме орналастырылды. Өткен аймен салыстырғанда, бос орындар саны 11% (10 мың бірлік), ал өзекті түйіндемелер саны 49% (43,6 мың бірлік) өсті. Бұл ретте орта білікті қызметкерлерге сұраныс артқан.
Сұраныс пен ұсыныс құрылымында әртүрлі біліктіліктегі қызметкерлер арасында тепе-теңдік байқалғанына қарамастан, өткен аймен салыстырғанда орташа білікті жұмысшыларға сұраныс 14% (6,1 мың бос орынға) өсті. Сонымен бірге ұсыныстың ең үлкен өсімін біліктілігі жоғары ізденушілер көрестті, олардың түйіндемелерінің саны 41% (18,8 мың түйіндеме) өсті, - деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Өңірлер бөлінісінде жұмыс берушілердің белсенділік динамикасында әртүрлілік байқалады.
Мына 4 өңірде сұраныстың төмендеуі тіркелді:
- Жамбыл облысында – 43% (2,9 мың бос орын);
- Алматы облысында – 27% (1,6 мың бос орын);
- Маңғыстау облысында – 1% (20 бос орын);
- Шымкент қаласында – 9% (331 бос орын).
Бұл ретте сұраныстың өсуі бойынша Қарағанды облысы (19% немесе 1,9 мың бос жұмыс орны), Алматы қаласы (15% немесе 1,5 мың бос жұмыс орны) және Павлодар облысы (14% немесе 1,4 мың бос жұмыс орны) көш бастады.
Барлық өңірде сұранысқа қарағанда, өтініш берушілердің ұсынысы артқан. Ең үлкен белсенділік Шымкент қаласында (+167% немесе 9,4 мың түйіндеме), Қызылорда облысында (+87% немесе 4,3 мың түйіндеме) және Батыс Қазақстан облысында (+66% немесе 2,5 мың түйіндеме) байқалады.
Шілде айында жұмыс берушілер арасында ең көп сұранысқа мыналар ие болды:
- автокөлік жүргізушілері (2,3 мың түйіндемемен 2 мың бос жұмыс орны);
- тәрбиешілер (2,1 мың түйіндемемен 1,9 мың бос жұмыс орны);
- медбикелер (2 мың түйіндемемен 1,6 мың бос жұмыс орны).
Бұл ретте мына мамандықтарға сұраныс едәуір өскен:
- тігіншілер (+0,6 мың бос жұмыс орны);
- математика мұғалімдері (+320 бос жұмыс орны);
- тәрбиешінің көмекшілері (+300 бос жұмыс орны).
Шілде айында жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны бас құрылысшыларға орташа есеппен айына 731 мың теңгеден бастап және бас агрономдар (~576 мың теңге) мен актуарийлерге (532 мың теңгеден бастап) ұсынды. Бұл ретте өз түйіндемелерінде жұмыс іздеушілердің жоғары жалақыны күтуі кеме капитаны (орта есеппен 1,7 млн теңгеден бастап), МРТ дәрігері (~1 млн теңге) және коммерциялық кәсіпорындардың IT-бөлімшелерінің басшылары (~992 мың теңге) сынды мамандықтарда көрініс тапты.
Осылайша, 2024 жылдың шілдесінде Электронды еңбек биржасында жұмыс берушілердің де, жұмыс іздеушілердің де белсенділігі айтарлықтай өсуі байқалды.Әсіресе ол білім беру және денсаулық сақтау салаларында айқын көрінді. Орта білікті қызметкерлерге сұраныстың артуы және жоғары білікті мамандар тарапынан ұсыныстардың өсуі еңбек нарығындағы өзгермелі қажеттіліктерді көрсетеді, - делінген ақпаратта.