Kaspi.kz-тің негізін қалаушы Ломтадзеде қазір 6,38 млрд доллар бар
Ол 6 айда табысын 1,33 млрд долларға арттырған
Bloomberg жер-жүзіндегі миллиардерлердің тізімін жаңартты. Бұл тізімде адамдардың арасында отандастарымыз Владимир Ким, Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе бар, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
Илон Масктың табысы – 235 млрд доллар!
Тізімнің көшбасында Илон Маск келеді. Оның табысы – 235 млрд доллар. Одан кейінгі орында Джефф Безос тұр. Ол 191 млрд доллар жинаған. Үшінші орынға Бернар Арно (182 млрд доллар) орналасып отыр. Одан кейінгі сатыда Марк Цукерберг (174 млрд доллар) тұрса, оның өкшесін 155 млрд доллармен Билл Гейтс басып келеді.
Михаил Ломтадзе жарты жылда 1,35 млрд доллар пайда тапқан
Ал елімізден шыққан миллиардер Владимир Ким 374-орында тұр. Ол 7,39 млрд доллар жинаған. Bloomberg-тің хабарлауынша, кәсіпкер биыл жыл басынан бері 234 млн «жасыл қағаз» көлемінде табыс тапқан.
Вячеслав Ким 435-орынға шықты. Оның дүние-мүлкі 6,51 млрд долларға бағаланған. Ол да жыл басынан бері атап айтарлықтай пайда тапқан. Бизнесмен жарты жылда табысын 1,35 млрд долларға көбейткен.
Михаил Ломтадзе әзірше 448-орынды қанағат етіп отыр. Кәсіпкердің қалтасында 6,38 млрд доллар бар. Ломтадзе де 6 айда табысын 1,33 млрд долларға арттырған.
Лакшми Миттал да дес берер емес
Елімізге атышулы үнді бизнесмені Лакшми Миттал болса, ТОП-100 миллиардердің қатарына қосылған. Ол 19,3 млрд доллармен 100-орынын сақтап отыр. Бірақ үнді 1,26 млрд долларынан айырылып қалған. Өйткені былтыр желтоқсан айында Қазақстан ArcelorMittal компаниясының активтерін 286 млн долларға сатып алды. Бастапқы кезде Миттал 3,5 млрд доллар сұраған болатын.
Жалпы, қазір АҚШ елі 100 млн доллардан асатын капиталы бар мультимиллионерлер (9,9 мың адам) және 1 млрд АҚШ долларынан асатын капиталы бар миллиардерлер (788 адам) саны бойынша да көш бастап тұр.