«200 млн теңгелік сүндет той». Блогер өзі мен құрбысының байлығын мақтан етті
Әншілердің әрқайсысына 10 млн теңгеден төлеген
Әлеуметтік желіде Шымкентте өткен сүндет той көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлады Stan.kz.
Блогер Айя Әжібек жеке парақшасына видео жүктеп, сүндет той иесі өзінің құрбысы екенін айтқан.
Шымкенттегі 200 миллион теңгелік сүндет той. Бұл тойдың иесі – менің ең жақын құрбым Әсел. Әселмен университетте оқып жүргенде таныстық. Бір етікті киіп, бір нанды бөліп жегенбіз. Ол туралы бүгін стористе айтамын. Туф, мына тойдың атмосферасын видеодан сезіндіңіз бе? Шымкенттің нөмірі бірінші тойханасында осындай атмосфера болды. Әншілердің өзі 10 миллион теңгеге келді. Иә, осындай достарым бар. Ал сіз сүндет тойды осылай дүркіретіп өткізуге қалай қарайсыз? – деп жазды ол.
Одан кейін құрбысына бір бөлмелі пәтер сыйлағанын да айтып өтті.
Құрбыма тойында 1 бөлмелі пәтер сыйладым. Иә, ол – менің жан құрбым. Одан бөлек, 1 жасар қызына – 1,5 миллион тұратын оригинал Cartie браслет. Әсел – мен үшін әлемнің ешбір байлығына жетпейтін қымбат жан. Күйеуіммен ажырасып, өз жұртым маған «кет» дегенде, «маған келші» деп жан құрбым мен оның отбасы үйіне паналатқан, – деп жазды блогер.