БҚО тұрғындары Капустин Яр полигоны аумағынан шөп шаба бастады
Қысқы маусымға 188 мың тонна жем-шөп жиналуы қажет
Батыс Қазақстан облысы Бөкей орда ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов өңірде ауыл шаруашылығы саласында мәселелер бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, оның бірі – киік болса, екіншісі – биыл шөп шабу деңгейінің төмендігі.
Әкімнің айтуынша, жергілікті тұрғындар мен шаруа қожалықтарына көмек ретінде Капустин Яр полигонының жерлері шөп шабу кезінде уақытша пайдалануға беріледі.
Халықаралық шарт бойынша полигон жерлерін шөп шабуға және мал жаюға пайдалануға рұқсат етілген. Үкіметтен субсидия алу үшін құрғақшылық пен ақбөкеннен зардап шеккендердің тізімін жасап жатырмыз, – деді әкім.
Оның айтуынша, қысқы маусымға 188 мың тонна жем-шөп жиналуы қажет. Шөп жинаумен 193 шаруа қожалығы айналысып жатыр. Аудан бойынша жоспардың 21 пайызы орындалған.
Жыл сайын жауын-шашын азайып, қуаңшылық болып, жайылымдық жерлердің деградациялануының мал азығын сатып алуға кедергі келтіретіні жасырын емес. Биыл бір шаруа қожалығы 660 гектар алқапқа судан және жоңышқа егіп, қазір орып жатыр, – деді Нұрлыбек Даумов.
Сондай-ақ биыл жыл басынан бері облыстағы шаруа қожалықтарына 287 миллион теңге субсидия төленген.