Калашников автоматын шығарып жатқан «Тыныстың» тынысын Украина тарылтты ма?
Елімізде қару-жарақ экспортына шектеу қойылған
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков елімізде Калашников автоматының өндірісі неге тоқтағанын түсіндірді. Оның айтуынша, бүгінде бұл қаруға деген сұраныс төмен.
Бертінге дейін Ақмола облысындағы «Тыныс» кәсіпорны автомат өндірісімен айналысты. Бірақ қазір өнім белсенді шығарылып жатқан жоқ. Себебі нарық пен қажеттілік шектеулі. Елімізде қару-жарақ экспортына шектеу қойылған. Сондықтан қазір өндіріс уақытша тоқтатылды, - дейді Азамат Бейісбеков.
Бұл ретте гәп басқада сияқты. Өйткені 2023 жылдың шілдесінде Украина билігі 192 адам және 291 компанияға санкция салды. Киев санциясына іліккендер арасында екі қазақстандық компания да бар. Олардың бірі – 2003 жылдан бері «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамында болған осы «Тыныс» кәсіпорны, ал екіншісі – ресейлік ИТС компаниясының Қазақстандағы филиалы.
Сол кезде «Тыныс» АҚ Киев санкциясына Ресей мен Беларуське арнайы қорғаныс киімдерін сатты деген себеппен ілікті деген хабар тараған еді. Компания оған дейін, яғни 2012 жылдан бастап өзіміздің Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық ұланға арнап оқ өткізбейтін кеудеше, соққы тойтаратын қалқан жеткізіп беріп отырған болатын.