Бір жобаға – 88 млн теңге: «Қазақфильм» қызметкерлері бір жыл бойы жалақы алмаған
Мұнда түрменің режимі орнады, - дейді анимация бөлімінің редакторы Ерлан Төлеутай
«Қазақфильм» АҚ қызметкерлері киностудия алдына жиналып, басшылықтың шығуын талап етті. Анимация бөлімінің мамандары бір жыл бойы жалақы алмағанын айтып, шағымданған, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Киностудия аниматорлары соңғы жылдары «Алтын адам» атты толық метрлі анимациялық фильммен жұмыс істеген. Мамандар жұмысты орындап, тапсырған. Алайда ол үшін еңбекақысын әлі де алмаған.
«Алтын адам» жобасында былтыр тамыз айынан бері біздің ұжым – суретшілер, аниматорлар еңбекақысын ала алмай келе жатыр. Мұнда 5 миллионнан бастап, 3 миллион теңгеге дейін жұмыс істеген мамандар бар. Алатын жұмысымыздың ақшасы осы. Біз сыртта жұмыс істемейміз. Еңбекақымызды берсін. Бұл жерде бәрімізде келісімшарт бар. Заңды түрде істегенбіз. Қағаз бар. Бір тиынымызды қалдырмай төлесін, - деді анимация бөлімінің қызметкері Жанәділ Байдарбеков.
«Алтын адам» атты толық метрлі мульт жобасы былтыр толық аяқталған. Бірақ мемлекеттен бөлінген тиісті қаражат әлі күнге дейін қызметкерлерге берілмеген. Еңбекақысын күте-күте қарызға батқан өнер адамдары бұл былықты басшылықтың ұйымдастырып отырғанын жеткізді.
Түрме сияқты. Темір тормен қоршалған бәрі. Мұнда түрменің режимі орнады. Кеше сақшылары келіп, мына жастарды қуып шығып, нешетүрлі жала жауып, анимацияны жауып қойып, түрмедегідей «шмон» жасап жатыр. Бұны бандиттік шабуыл деп бағалау керек. Азамат Сатыбалдының өзі рөлді ойнап жүр. Бірақ кімнің рөлін ойнап жүргенін білмейді. Қазір Азамат Сатыбалдыны – «Қазақфильмнің» президентін тура осы жерге шақырып, жауап беруін талап етеміз, - деді анимация бөлімінің редакторы Ерлан Төлеутай.
«Қазақфильм» президенті Азамат Сатыбалды ашуға булыққан қызметкерлерімен кездесуге шықпаған. Мәселенің мән-жайын айтуға оның орнына орынбасары Айдар Омаров барған. Ол «Алтын адам» жобасы бойынша 88 миллион теңге қарызы бар екенін растап отыр.
«Алтын адам» жобасы бойынша жағдай былай. Бізде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталғымен келісімшарт болды. Олар мультфильмге 2020 жылы тапсырыс берген. Біз туындыны 100 пайыз жасап жібергенбіз. Бірақ тапсырыс беруші қабылдамады. Қазір осыған қатысты сот ісі жүріп жатыр, - деді киностудияның вице-президенті.