Бурабайда демалу қымбат, қызмет көрсету сапасы төмен - туристер пікірі
Бағаны кәсіпкерлердің өздері қояды, оларға еш шектеу жоқ
Қазақстанда Бурабай курорттық аймағында демалу құны 15 пайыз көтерілген. Бағасына қарамастан көрікті мекенге жыл сайын 1 миллионнан астам турист келеді. Осыған орай депутаттар Бурабайдағы бизнеске дереу тексеріс жүргізуді ұсынды. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Туристердің айтуынша, бағасы шарықтаған туристік орында бүркітпен суретке түсу үшін 2 мың теңге, тумен фотоға түсуге 5 мың теңге төлейсіз. Ал қайықпен жүзіп келу үшін 6 мың теңге керек. Демалыс орындары мен тамақтардың құны тіптен қымбат.
Прокатқа суретке түсудің өзі – қарапайым халықтың қалтасы көтермейтін ақша. Мысалы, Бурабай ауылына барып, үйге тұрақтамаса, отельде тұрақтау қарапайым халыққа қымбатқа түседі. 1 күнге қалу үшін 50-80 мың теңге сұрап тұрады. Бағасын түсірсе, туристер бұдан да көбейеді деп ойлаймын, – дейді турист Іңкәр Қайыпбек.
Келген туристер баға мен қызмет көрсету сапасы бір-біріне сай келмейді деседі. Пайда табуды ойлайтын кәсіпкерлер көп дүниеге көңіл бөлмейді екен.
Бағаның қымбат болғанымен қоймай, қызмет көрсету сапасы төмен. Мысалы, жағалауда киім ауыстыру үшін 200 теңге төлеуің керек. Бұл әрине көп ақша емес, бірақ тегін жасауға болар еді. Дәретхана мәселесі де қиын. Іздеп жүріп, әрең табамыз, – дейді турист Ирина Чайкова.
Ал облыстық туризм басқармасының басшысы кәсіпкерлер бағаны өздері қояды, шектеу жоқ деп отыр. Шенеуніктер тек түсіндіру жұмысын ғана жүргізе алады екен.