Вице-премьер зейнетақы жинағын пайдалануды тоқтату мәселесін түсіндірді
Уәкілетті орган жұмыс тобын құрды
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануды тоқтату мәселесіне түсінік берді.
Иә, сарапшылар мен қаржыгерлер, экономистерден зейнетақы қорындағы артық ақшаны мерзімінен бұрын шешіп алуды тоқтату керек деген ұсыныс түсіп жатыр. Себебі ондағы қаржы кіріс болып саналады және оны адам зейнетке шыққанда алады, - деді ол.
Алайда вице-премьер бұл тек ұсыныс екенін, мәселенің әлі қаралатынын жеткізді.
Мұнда зейнетақы жинағындағы қаржысын ерте шешіп алғысы келетін азаматтар мен зейнеткерлердің мүддесі ескеріледі. Қазір біз бұл мәселені талқылаймыз. Қайталап айтайын, бұл – әзірге тек ұсыныс. Ұсыныс бізге түсті. Уәкілетті орган жұмыс тобын құрды. Меніңше, мәселе 2-3 айда қаралады. Жылдың соңында тек ұсыныстар болады, - деді Тамара Дүйсенова.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі тоқтатылуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Еске сала кетсек, 2021 жылдың қаңтарында Қазақстандағы салымшыларға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге жұмсауға, сондай-ақ жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына беру мақсатында пайдалануға құқық берілген еді. Сол жылдың желтоқсан айында елімізде зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері 2022 жылы шамамен 1,8 есе өсетіні хабарланды. Мәселен, егер 2021 жылы 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, келесі жылдан бастап ол 5 060 000 теңгеге дейін өсетіні түсіндірілген-ді.