Қазір БЖЗҚ-да 9,5 трлн теңгедей кіріс бар
Ұзақ мерзімді кезеңдегі жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түскен
Биыл қаңтарда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) таза инвестициялық кірісі 109,6 млрд теңге болды. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 45,7 млрд теңге артық көрсеткіш.
Ал 1 ақпандағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтері соңғы 12 айда 10,3% болған. Бұл кезеңде инфляция – 9,5%.
Түсіндіре кетсек, инвестициялық кіріс қаржы құралдары (бағалы қағаздар, салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалаудан, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және тағы басқадан тұрады.
Ұлттық банк және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) зейнетақы активтерін инвестициялық кіріс алу үшін Қазақстандағы және шетелдегі экономиканың түрлі секторларының әртүрлі қаржы құралдарына түрлі валюталарда орналастырады.
Инвестициялық портфельді әртараптандыру (инвестициялау құралдары мен нарықтың алуан түрлілігі) зейнетақы жинағының сақталуын және орнықты табыстылығын қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылғаннан бастап, инвестициялық кіріс биылғы 1 ақпанда шамамен 9,5 трлн теңге болды.
Бүкіл кезеңдегі инфляция 761,15% болғанда, жинақталған инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 822,03%-ды көрсетті. Осылайша, ұзақ мерзімді кезеңдегі жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түсті.