Биыл коллекторлар банктерден жұрттың 382 млрд теңге қарызын сатып алған
Олар қарыздың барлық сомасын қайта құрылымдаусыз өндіріп алып жатыр
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ коллекторлық агенттіктерге несиелік қарыз қандай жағдайда сатылатынын айтты.
Қарыз алушылардың мерзімі өткен берешекті реттеу құқығын қорғау үшін банктер мен микроқаржы ұйымдарының азаматтардың несиесін төлеу мерзімі өткен кезден бастап, 24 айдан соң және кредитор берешекті реттеу рәсімдерін жүргізгеннен кейін ғана коллекторлық агенттіктерге сатуына рұқсат беру ұсынылады. Бүгінде коллекторлық агенттіктер едәуір көлемде жеке тұлғалардың қарыздарын сатып алып, олар бойынша қарыздың барлық сомасын қайта құрылымдаусыз өндіріп алып жатыр. Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 890 мың қазақстандықтың 382 млрд теңге болатын қарызы коллекторлық агенттіктерге берілген. Осыған байланысты жеке тұлғалардан сатып алынған несиелері бойынша берешекті реттеу рәсімін жүргізуге коллекторлардың тікелей міндетін енгізу ұсынылады, - деді депутат.
Сондай-ақ ол жаңа заңға «тұтынушылық несие» ұғымы енгізілгенін атап өтті.
Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық несиелері бойынша берешектің орташа деңгейі – шамамен 1,5 млн теңге. Бұл ретте мұндай несиелер бойынша берешектің ең жоғары мөлшері заңнамада белгіленбеген. Қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу үшін заңнамалық тұрғыда «тұтынушылық несие» деген ұғым енгізілді. Бұл оның ең жоғары мәнін (банктер үшін – 5 млн теңге, микроқаржылық ұйымдар үшін – 2 млн теңге) нормативті деңгейде шектеуге мүмкіндік береді. Қосымша шектеу шарасы ретінде жаңа макропруденциялық норматив – азаматтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарының несиелері бойынша жиынтық берешегінің қарыз алушының табысына қатысы енгізілді, - деді Үнзила Шапақ.
Одан бөлек, қарыз алушылардың мүддесін қорғаудың қосымша шарасы ретінде атқарушылық іс жүргізу шеңберінде кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салынады.