«Айына 2-3 млн теңге пайда түседі» - құрым мәсіні заманауи брендке айналдырған шебер
Енді ол осы кәсібін елге танытатын бірнеше шәкірт тәрбиелемек
Бүгінгі кейіпкеріміз Рахима Дүйсенбекқызы Исағұлова – еліміз бойынша ұлттық нақыштағы кебіс-мәсі тігу ісін алғаш бастаған шебер. 1988 жылы Жамбыл облысының Меркі ауданында дүниеге келген. 2003 жылдан бастап Алматыда тұрады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің есеп және аудит факультетін тәмамдаған.
Айтуынша, ол мамандығы бойынша еш жерде жұмыс істемеген. Тек магистратурада оқып жүргенде жездесінің қасында заңгердің көмекшісі ретінде ғана жүріпті. Ал кебіс-мәсіні оюлап, түрлі тастармен әшекейлеп тігіп, сатылымға шығару кәсібін 2016 жылы бастаған.
Қазір 3 ұлым бар. Сол 2016 жылы үшінші баламмен декретте отырған кезде «Қандай жұмыспен айналыссам екен?» деп ойландым. Жолдасымның жалақысы күнкөріске жете қоймады. Сөйтіп, бір күні Instagram желісінен Өзбекстандағы жәрмеңкеде әшекейлі кебістердің тұрғанын көріп, «Осыларды неге өзімізде де тікпеске?» деген ой келді. Оған қомақты қаржының да қажеті жоқ еді. Содан көп ұзамай, баланың 1 жасқа толғанынша түсіп тұратын жәрдемақысынан 20 мыңды жұмсап, барахолкадан 3 кебіс сатып алып келдім. Оның сыртын оюлап, әшекейлеп тігіп, дайын өнімді Instagram желісіне жариялап, тапсырыс қабылдайтынымды жаздым. Одан кейін мәсілерді де базардан сатып алып келіп, сыртын дәл солай сәндеп, кебісімен жиынтық ретінде сата бастадым, - деп еске алды алғашқы қадамын Рахима Дүйсенбекқызы.
Тұрақты жалақыға бір жерде есепші болып жұмыс істейін десе, ол үшін Алматыда бала-шағасына бас-көз болып отыратын адам болмаған. Ұлдардың аралары 1-2 жастан ғана болғандықтан, үйде өзінің отыруына тура келеді. Балаға қарап отырып-ақ табыс табу шешімін осылайша қабылдаған.
Тігіншілік, дизайнерлік өнерді еш жерден меңгерген жоқпын. Өзім логикама салып тігіп, тапсырыстар қабылдай бердім. Негізі атам етікші болған. Осындай қабілет маған сол кісіден даруы мүмкін. Команда жоқ. Мәсіні арнаулы цехқа тапсырыс беріп, тек қана былғарыдан тіктіріп әкелеміз. Бізде оның жазда киетін жүнсіз түрі, қыста киетін қойдың жүнімен, жасанды жүнмен астарланған, қонышы ұзын және қысқа, табаны шегеленген және жұмсақ деген сияқты бірнеше түрі бар. Сапасына қарай бағалары да әртүрлі болады. Әйтеуір цех шеберлері қандай түрін қаласам, солай дайындап береді. Ал сыртына тасын, оюын қойып, жұбайым екеуміз-ақ үйде сәндейміз. Ол үшін орын жалдап, аренда төлеп жүрудің қажеті жоқ, - дейді шебер.
Бұл ретте оның өзіне қолғабыс етіп жүрген жұбайы тұрақты жалақыға жұмыс істейді. Ал кебіс-мәсі – отбасының қосымша табыс көзі. Qurym masi ұлттық брендін кең көлемде дамыту үшін мемлекеттен қаржылай қолдау, көмек те сұрамаған. Барымен базар етіп, өз күштерімен көпшіліктің сұранысын қанағаттандырып отырған жайы бар.
Мысалы, жазда мәсі көп сұранысқа ие емес. Сол себепті күніне бір-екеуден ғана тігуіміз мүмкін. Айына 300 мың теңгедей ғана пайда түседі. Ал негізгі маусымы – қазан, қараша, желтоқсан айлары. Сол сәтте күніне 10 данадан тігеміз. Бұлардың ең арзаны – жаздық мәсілер. Кебіссіз, қарапайым түрі 12 мың теңге болады. Ал кебісімен, оюланған түрі – 18 мың теңге. Ең қымбаты – қойдың жүнімен астарланған және табаны шегеленген түрі. Сұраныс күздің қара суығында арта бастайды. Негізінен жұрт оны желтоқсанда, Жаңа жылда апаларына сыйлық ретінде алады. Содан соң 8 наурыз, Көрісу, Наурыз мерекелері қарсаңында жақсы өтеді. Ол кездері айына 2-3 миллион теңге таза пайда түсіруге болады, - дейді Рахима Дүйсенбекқызы.
Айтуынша, кебіс-мәсілерінің дизайны да тұтынушылардың сұранысына байланысты жасалады. Мысалы, шебер көк тастармен әсемдесе, оның орнын басқа түспен алмастыруға тура келуі мүмкін. Сондай-ақ тастарын азырақ немесе көбірек жапсырғанды қалайтындар бар. Сондай талаптардың арқасында жаңа дизайн пайда бола кетеді екен.
Сапаға шағым жоқ. Кейде көпшіліктің 80 пайызына ұнағанмен, 20 пайызының көңілі толыңқырамай қалады. Бірі былғарысын қатты десе, екіншісі жұмсақ дейді. Әр адамның талғамы әртүрлі ғой енді. Сондай-ақ ақшаларын қимай, жасанды жүнмен тігілгенін алғандар аяқты терлеткенін айтады. Ал қойдың жүнімен тігілген ең қымбатын алғандардан еш шағым болмады. Керісінше, көп апаларымыз разылығын білдіріп жатыр, - дейді ағынан жарылған шебер.
Интернет арқылы сататындықтан, қазір оның қолынан шыққан ұлттық өнімге тапсырыс еліміздің түкпір-түкпірінен түсіп жатыр. Тіпті, Лос-Анджелес, Қытай, Ресейге алып кеткен қандастарымыз да (көбіне Қазақстандағы балалары шетелдегі аналарына сыйлық ретінде апарады) болған.
Instagram желісінен бөлек, Рахима Дүйсенбекқызының кебіс-мәсілері «Жанат Бақыт» сән үйінің Алматы, Ақтөбе, Тараз қалаларындағы көтерме бутиктеріне қойылған. Олар – шеберден өз құнына алып, үстінен сәл ақы қосып сататындар.
Осы орайда айта кетсек, ұлттық нақыштағы кебіс-мәсілерге тек қарапайым тұтынушылардың ғана емес, елге елеулі азаматтардың да қызығушылығы артып келеді. Көңіл қуантар жаңалық, әрине.
Белгілі адамдардан Шімән апа (Ерболат Төлеген, - ред.) тапсырыс берді. Біріншісін өзі сатып алды, екіншісін сыйға тарттық. Ол кісі жарнама жасады. Содан кейін Сәкен Майғазиевтің анасына бердік. Қазір ол кісі тастарымен жарқыратып киіп жүр. Бір жиынтықты Мәдина Сәдуақасова сатып алып, оны Азамат Сатыбалдының анасына сыйлады. Сейфуллин Жолбарыстың анасы да біздің өнімді киіп жүр. Сондай-ақ Нұрлан Еспан үйге келіп, өзі сатып алып, апаларына сыйға тартты, - дейді Рахима Дүйсенбекқызы.
Басты ескерер жайт, кейіпкеріміз осы кәсіппен 8 жыл бұрын, яғни 2016 жылы айналыса бастағанда, мұндай кебіс-мәсілер Қазақстан нарығында болмаған. Мақаланың басында оны «еліміз бойынша ұлттық нақыштағы кебіс-мәсі тігу ісін алғаш бастаған шебер» деп таныстыруымыздың себебі – сол. Айтуынша, ондай оюлы кебіс-мәсілер содан кейін шыға бастапты. Бірақ бағалары Рахима Дүйсенбекқызының өнімінікінен 2 есе қымбат.
Сол себепті тұтынушылардың көбі маған хабарласады. Өйткені нарықта арнаулы цехтан дайын күйінде шығарып сатпай, қолжетімді әр өнімнің сыртын қолмен әшекейлеп тігетіні – мен ғана, - дейді өзі.
Рахима Дүйсенбекқызының ендігі мақсаты – менторлықпен айналысу. Яғни кебіс-мәсіні ұлттық нақышта сәндеп тігу әдісін басқа адамдарға үйретіп, шәкірт тәрбиелегісі келеді.
Алматыда осындай әдіспен мен ғана сатып отырмын. Басқа өңірлерде филиал, дүкендерім жоқ. Білімімді сату мақсатында менторлық сабағын ашып отырмын. Ою, әшекей тігетін шәкірттерім көбейіп, осы ұлттық кәсіптің еліміздің барлық жеріне қанат жайғанын қалаймын, - дейді қазақы қалыптан айнымаған хас шебер.