ІІМ көпшіліктен полицейлерге пара бермеуді сұрады (ВИДЕО)

ІІМ көпшіліктен полицейлерге пара бермеуді сұрады (ВИДЕО) Polisia.kz/Август Макаров
bai-bol.kz bai-bol.kz | 28 қараша, 2024

Полицейдің пара дәметуіне куә болсаңыз, ІІМ ішкі қауіпсіздік департаментіне немесе 1402 сенім телефонына хабарласыңыз сұрады

Ішкі істер министрлігі құқықтық тәртіпті және кез келген заң бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтті.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жедел басқару орталықтары тәулік бойы жұмыс істеп, патрульдік полиция қызметкерлерінің әрекетін тіркейді. 

ІІМ ішкі қауіпсіздік департаменті жедел басқару орталықтары мен патрульдік қызметтердің жұмысын белсенді түрде қадағалайды. Қызметкерлер «смартжетондармен» жабдықталған. Бұл құрылғылар белгіленген талаптардан ауытқу мүмкіндігін болдырмай, барлық әрекеттерді тіркеп отырады. Сонымен қатар, жасанды интеллектпен біріктірілген бейнебақылау камераларынан алынған деректерді талдайтын жүйе қолданылады. Бұл кез келген бұзушылықтарды анықтауға және оларға қарсы жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, – делінген хабарламада. 

Министрлік мәліметінше, полицияның жұмысы оның мәртебесіне, лауазымына қарамастан әрбір заңды бұзушы үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған. 

Патрульдік полицияның заң талаптарын мүлтіксіз орындайтынын ескеру қажет. Олардың кез келген заңсыз әрекеті қатаң зардаптарға әкеледі. Біз азаматтарды заңды сақтауға, полицияның заңды талаптарын орындауға және шенеуніктерге пара бермеуге шақырамыз. Ішкі істер министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өз қатарында сыбайлас жемқорлықпен күресу туралы меморандум жасасқан. Оның аясында бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жандана түспек, – делінген хабарламада. 

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев қызметкерлердің орынсыз әрекетіне куә болған жағдайда бұл туралы ІІМ ішкі қауіпсіздік департаментіне немесе 1402 сенім телефонына хабарлауды сұрады.