Депутат банктердің алаяқтың құрбаны болғандарға көмектесе алмайтынын айтты
Кез келген қазақстандық таңертең күтпеген несиемен оянуы мүмкін
Депутат Асхат Рахымжанов премьер-министрге кибералаяқтардың құрбаны болған адамдарға көмектеспейтін екінші деңгейлі банктерге бақылауды күшейтуді талап етіп, сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, бір ғана Қарағанды облысынының өзінен оған осындай 290 жәбірленуші хабарласқан. Оларға жалпы соммасы 1,6 миллиард теңгеден аса несие рәсімделген.
«Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы» заңына сәйкес, егер адам ресми түрде жәбірленуші деп танылса, банк:
- үш күнтізбелік күн ішінде мұндай банктік қарыз бойынша берешекті өндіріп алуды және талап ету жұмыстарын тоқтатуға;
- сыйақыны және (немесе) өсімпұлды есептеуді тоқтата тұруға;
- несиенің клиенттің қатысуынсыз алаяқтық жолмен берілгенін растайтын сот актісін алған күннен бастап, 10 жұмыс күнінен кешіктірмей, банк берешекті есептен шығаруға және тұтынушыға бұрын төленген сомаларды қайтаруға міндетті.
Бірақ «клиенттің қатысуынсыз» деген тұжырым түсініксіз. Өйткені бұл клиент сол кезде ұялы телефонын қолында ұстап тұрған болса да бұл қатысу ретінде қарастырылуы мүмкін. Егер ол жаңылысып, төрт таңбалы кодты айтып қойған болса, оны несиені рәсімдеуге қатысты деп қарастыруға болады. Сондықтан да болар, қазір бұл норма жұмыс істемейтін болып шықты, – деді депутат.
Сондай-ақ ол азаматтық іс жүргізу кодексіне несие рәсімдеу кезінде алаяқтық фактісі болғанын растайтын сот шешімі болған жағдайда, соттар банктердің талаптарын қанағаттандырудан бас тарта алатындай өзгерістер енгізуді ұсынды. Оған қоса несиелік келісімдерге қол қою үшін бірреттік парольдерді пайдалану мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, бірреттік құпия сөздер мұндай келісімдерге қол қою үшін жарамайды. Өйткені Азаматтық кодексте мұндай келісімдер үшін электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) немесе қолжазбалық қолтаңбаны пайдалану керектігі айтылған.
Бұл төрт таңбалы кодты сенімді нөмірлерді байланыстыру үшін де қолдануға болады. Оған заңмен тыйым салынбаған. Банк кодтарды қарыз алушыға тіркелген нөмірге ғана жіберуі керек. Сондықтан кез келген қазақстандық таңертең күтпеген несиемен оянуы мүмкін, – деді Асхат Рахымжанов.
Сондай-ақ депутат банктік қосымшаларды жүктеп алу кезінде пайдаланушылар банкте қалатын электронды цифрлық қолтаңбаны беруге автоматты түрде келісім беретінін атап өтті. Бұл банкке тұтынушының атынан кез келген құжатқа теориялық түрде қол қоя алатындай жағдай туғызады. Сондықтан тұтынушының несиені рәсімдеуге қатыспағанын дәлелдеу мүмкін емес.