Депутат пирамида белгілері бар компаниялардың жарнамасын шектеуді ұсынды
Елу беріп, жүз ала алмайсың, кемпір беріп, қыз ала алмайсың
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Harmony Rider Technology мен JDL сынды бірқатар компаниялардың жарнамасына шектеу енгізуді талап етті. Оның айтуынша, аталған компанияларда қаржы пирамидасының белгілері бар.
Қаржылық пирамидалардың әрекеті нәтижесінде азаматтардың миллиондаған теңге көлемінде қаражаты жоғалғаны туралы фактілер көптеп тіркеліп жатыр. Бұл ұйымдар көбінесе заманауи технологияларды пайдаланып, әлеуметтік желілер арқылы халықты алдап-арбауда. Бүгінде халық арасында Harmony Rider Technology (HRT) атауымен самокаттарды жалға берумен айналысып, халықты инвестор болуға үгіттеп жүрген компания пайда болды. Өздерін тек самокатты жалға беруші компания емес, әлемде экологиялық тазалықты қолдайтын ұйым ретінде көрсетңп жүр. 24 сағат самокаттарды жалға беріп, 5 сағатын инвесторға, 19 сағатын компания өзіне қалдырады екен-мыс. Бір қызығы, бұл компанияның ресми тіркелген сайты да, компания ретінде тіркелген заңды құжаты да жоқ, – деді Дәулет Мұқаев.
Осы орайда ол компания өкілдерінің күніне 15 мың теңгеден бастап табыс табу мүмкіндігін ұсынатынын айтып, бұған сенімсіздік білдірді. Тіпті Ақтөбе қаласынан кеңсе алып, жарнамасын көшеге айқайлата іліп қойған.
Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық? Одан қала берді, бүгінде қытайлық компанияның атын жамылып, президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Қытайдағы іссапар кезінде түскен суреттерін пайдаланып, халықтың сеніміне кірген JDL компаниясы да бар. Жылына 390 мың теңге салып, Қытайдан шыққан жүк көліктері Қазақстан аймағынан өткенде әр тауардан қомақты пайда түсіп отырады деп сендіруде. Яғни бірреттік 390 мың теңге салған адамның айына 450 мың теңге таза пайда табатынын айтады. «Елу беріп, жүз ала алмайсың, кемпір беріп, қыз ала алмайсың» деген халық даналығы бекер емес. Бейресми ақпарат көздеріне сүйенсек, бұл компанияға еліміздің 150 мыңнан аса азаматы тіркеліп үлгерген. Сонымен қатар, Sirius Energy, SinoTrans, Fashion Star атауымен бірнеше компания осындай жүйемен өз қызметтерін ұсынып жүр, – деп қосты ол өз депутаттық сауалына.
Сондай-ақ Дәулет Мұқаев Ұлттық банк тарапынан қойылған пайыздық жылдық мөлшерлеменің ең жоғарғысы 17-18 пайыз ғана екенін айтып, қаржы пирамидаларында бұл көрсеткіш 250-400 пайыз екенін алға тартты.
Сондықтан алданатын халық саны одан сайын көбеймей тұрғанда дереу тексеріс жүргізіп, қаржылық пирамиданың белгілері болса, халықты тез арада ақпараттандыруды және жоғарыда аталған компаниялардың қызметіне шектеу қоюды сұраймын, – деп түйіндеді сөзін депутат.