Колледж студенттері арнайы орталық арқылы бір-бір бизнес жүргізуге көшті
97 мемлекеттік колледж өздері өндірген тауарды сатуға шығарып жатыр
Кәсіпкерлік бойынша қолайлы орта құру және білім алу, бизнес стартаптарды дамыту мақсатында былтырдан бері қазақстандық колледждерде Business Startup студенттік орталықтары ашылып жатыр.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәлметінше, бүгінде олардың саны 20-ға жеткен.
Бұл – жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мен өз бизнес-идеяларын іске асырғысы келетін студенттерді қолдаудағы маңызды қадам. Олар тәжірибелі тәлімгерлерден дәріс алады. Сондай-ақ стартап байқаулар да өткізіледі. Онда студенттер өз идеяларын ұсынып қана қоймай, оларды іске асыру үшін қосымша қолдау алады, – деді техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының міндетін атқарушы Ақзира Қасымова.
Жоспарға сәйкес, 2028 жылға дейін республика бойынша колледждерде осындай 100 орталық құрылады. 97 мемлекеттік колледж қазірдің өзінде өздері өндірген тауарды сатуға шығарып жатыр. Бұл оларға өз бетінше табыс табуға мүмкіндік береді.