Жас кәсіпкер өзінің 300 млн теңге тұратын зәулім үйін оқырманына тегін бермек
Осы күнге дейін ешқандай дүние-мүлікті сатқан емеспін. Достарыма үйімді сыйлап жіберген кезім болды, - дейді өзі
Жас кәсіпкер әрі блогер Дархан Жолшыбеков өзі тұрып жатқан баспанасын бір оқырманына сыйлауға дайын.
Еске сала кетсек, ол жақында ғана бір көпбалалы анаға баспана сыйлаған болатын.
Ешқандай интригасыз бірден айтайын, үйімді біреуге сыйлағым келеді. Осы күнге дейін ешқандай дүние-мүлікті сатқан емеспін. Достарыма үйімді сыйлап жіберген кезім болды. Көліктерімді оқырмандарыма тегін тараттым. Мына үйді алғанда да қаншама адам негатив жазды. Сол кезде сатып, басқа жаққа көшкім келді. Енді Дари да келіспей отыр. Отбасылы адам болған соң өзім ғана шешім қабылдамаймын. Үйдің құны – 300 миллион теңге. Қазір бағасы тіпті өсіп кетті. Сату – менің ісім емес. Сол үшін тегін бергім келіп тұр. Гив немесе лоторея ойнатпаймын. Бұрын да ойлап қойып едім. Ол кезде осы үйге жаңадан көшіп келіп жатқан соң қызығы басылмады. Одан кейін басқа баратын жеріміз болмады. Болашақта осы үйімді біреуге тегін сыйлап, масштаб тұрғысында контент жасағым келеді, – деді Дархан Жолшыбеков.
Сондай-ақ ол өзінің айына қанша теңге табатынын да жасырып отырған жоқ. Ел алдында кәсіпкерлердің ішіндегі қолы ашық, жүзі жарқыны болып тұр қазір.
Бір айда 150 миллион теңге табыс табамын. Командамда 48 адам жұмыс істейді. Олардың ай сайын еңбекақысын беремін. Онлайн дүкенім бар. Кәсіпті енді бастап жатырмын. Тауар айналымы болған соң шығынға да баттық. Қытайдағы киім зауытымен келісімшартқа отырып, кәсіп бастағанбыз. Фотода басқа, ұстап көргенде мүлде басқа болды. Сол кезде 70 миллион теңге шығынға баттық. Кеңсем – өзімнің үйім. Қалған жұмысшылар да онлайн істейді, - деген еді бұған дейін Дархан Жолшыбеков.