Депутаттар IT саласына бөлінген қаржыны «жасырын тонау» деп есептейді

Депутаттар IT саласына бөлінген қаржыны «жасырын тонау» деп есептейді ашық дереккөз
bai-bol.kz bai-bol.kz | 20 қараша, 2024

Astana Hub-тың қанша қаражат тауып, оны қайда жұмсап жатқанын ешкім білмейді

Мәжілісте IT саласын дамытуға бөлінген қаражаттың тиімділігі туралы қызу талқы болды. Депутаттар инновациялық жобаларды мемлекеттік қолдауға бөлінген миллиардтардың қайда жұмсалғанын анықтауға тырысты. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.

Парламентарийлер Astana Hub технопаркінің басшылығы мен оның қаржылық есептілігіне күмән келтіріп, Цифрлық даму министрлігінің өкілінен нақты түсінік талап етті. Осы орайда, Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев технопаркке берілген салық жеңілдіктері мен миллиардтаған қаражаттың қайтарымсыз жұмсалып жатқанын алға тартты.

Миллиардтар бөлінді, салық жеңілдіктері берілді, мемлекет қолдау көрсетті. Технопарк шамамен 10 жыл бұрын құрылған. Бір Перизат Қайрат 1,5 миллиард теңге ұрлады деп бүкіл Қазақстан шулап жатыр. Ал бұл жобаға қанша миллиард жұмсалды? Біз әлі күнге дейін жобаның өзін-өзі қамтамасыз ететін уақытын күтіп жүрміз, – деді депутат.

Вице-министрдің айтуынша, соңғы жылдары IT-саласы мен Astana Hub жобаларының экспорты 10 есе өсіп, жалпы көлемі 500 миллиард теңгеге жеткен. Алайда бұл мәліметтер депутаттардың күмәнін сейілте алмады. Мәжілісмен Мұқаш Ескендіров те технопарк қызметінің адалдығына сенімсіздік танытты.

Түсініксіз сандар көрсетілген. Astana Hub-тың қанша қаражат тауып, оны қайда жұмсап жатқанын ешкім түсінбейді, – деді ол.

Мәжіліс отырысында кейбір заңнамалық өзгерістерге қатысты да сын айтылды. Депутат Бақытжан Базарбек жаңа түзетулерді «жасырын тонауға» теңеп, бұл нормалардың болашақта үлкен мәселелер тудыруы мүмкін екенін ескертті.

Сіз қазір ақшаны еркін пайдалануға мүмкіндік беретін сыбайлас жемқорлық нормасын бекіткеніңізді түсінесіз бе? Бұл жасырын тонаудың бір түрі сияқты, – деді ол.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин депутаттарды салық жеңілдіктерін қысқартпауға шақырды. Оның айтуынша, жеңілдіктер Қазақстанға халықаралық компанияларды тартуға мүмкіндік беріп отыр.

Егер бұл өзгерістер қабылданса, шетелдік компаниялар Армения сияқты басқа елдерге кетуі мүмкін. Сондықтан сабырмен шыдауларыңызды сұраймын, – деп ескертті ол.

Сондай-ақ депутат Екатерина Смышляева инновациялық саланы дамыту мақсатында салық жеңілдіктері мен арнайы экономикалық аймақтардың құрылуы әлемдік тәжірибе екенін атап өтті. Дегенмен ол министрлікке IT саласының Қазақстан экономикасына нақты әсерін бағалайтын әдістеме әзірлеуді ұсынды.