Тағы бір қайырымдылық қорына «елді алдап жүр» деген күдік туды
Бар мән-жайды Ұлжан есімді алматылық келіншек түсіндірген
Журналист Гүлмира Әбіқайдың айтуынша, жақсылық жасауға ұмтылатын «Елге көмек» қайырымдылық қоры да халықты алдап жүрген көрінеді.
Оған бар мән-жайды Ұлжан есімді алматылық келіншек хабарласып, түсіндірген.
«Елге көмек» қайырымдылық қоры «осы апаға үй алып берейік, бір қазақ үйлі болсын» деп видео түсірді. Бәріміз сеніп, ақша жинадық. Кейін «апаға үй алдық, осынша ақша жиналды» деп есеп берді. Апаны 3-4 айдан кейін қайтадан бұрынғы қалпында көріп қалдым. Таңқалып, одан «апа үйіңіз бар, неге тағы шықтыңыз?» деп сұрадым. Сөйтсем, «Жоқ, ол балалар мені алдап кетті. Бір жерден 3 айға пәтер жалдап берді» дейді. Апаны емдеттік деп емханаға әкелгенін де көрсеткен. Ол да өтірік болып шықты. Ешқандай емдетпеген, жәй әшейін видео үшін ғана солай көрсеткен, - дейді келіншек.
Осылайша, ол қайырымдылық қорының өтірігін білгеннен кейін мүлде ақша аудармайтын болыпты. Ал Гүлмира Әбіқай Instagram-дағы парақшасына «Елге көмек» қайырымдылық қоры тарапынан ресми жауап күтіп отырғанын жазды.