Қарызға белшеден батқан адамға одан шығу жолын көрсететін фильм түсірілді

Қарызға белшеден батқан адамға одан шығу жолын көрсететін фильм түсірілді дереккөз
bai-bol.kz bai-bol.kz | 21 қараша, 2024

Қаржылық жағдайды түзетуге мүмкіндік бар, тек ниет пен әрекет қажет

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында көптеген қазақстандықтың өзекті мәселесін көрсететін борышкер туралы қысқаметражды фильм көрермен назарына ұсынылды. Фильм қарыздың адамдардың өміріне қалай әсер ететінін, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершіліктің маңыздылығын тереңірек түсінуге шақырады.

Тәрбиелік мәні бар «Қарызсыз қоғам – қарызсыз Қазақстан» қысқаметражды фильмінің басты кейіпкері – ауыл тұрғыны, жұмыссыз отағасы Байбатыр. Ол көптеген ауыл тұрғыны сияқты жергілікті дүкендегі қарыз дәптерінің «тұтқынына» айналған.

Қарыздан құтылу жолын іздеген Байбатыр ақшаға карта ойнауға кіріседі. Біреуден қарыз алып, екіншісіне беру арқылы тығырықтан шығуға тырысады. Алайда мұның ақыры жағдайдың одан әрі шиеленісуіне әкеп соғады.

Байбатырды және ауылдағы басқа да борышкерлерді «Қарызсыз қоғам» мамандары құтқаруға келеді. Бас кейіпкер зор ынтамен күндіз-түні кәсіпкерліктің негіздерін үйреніп, жеке кәсібін бастайды. Құлпынай сату арқылы тұрақты табысқа жетіп, бітпейтін қарыздарынан құтыла бастайды.

Фильмнің сюжеті кей жерінде комедиялық сипатқа ие. Бірақ оның басты мәні – көрерменді күлдіру емес. Көптеген адам фильмнен өзін, танысын немесе туысын көруі мүмкін. Фильмнің негізгі идеясы – өсуге, кәсіп ашуға және нақты дағдыларды үйренуге мүмкіндіктің бар екенін көрсету. Мұндай мүмкіндіктерді «Қарызсыз қоғам» жобасы ұсынады. Біздің бастама тек білім алу, табысты арттыру немесе қажетсіз шығындарды азайту туралы ғана айтпайды. Бұл – әр қазақстандықтың білуі және қолдануы қажет дағдылар. Мемлекет басшысының өз Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, қолдау білдіруі бізге үлкен шабыт берді, - деді «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева.

Бұл ретте Байбатыр кейіпкер сияқты қаржылық жағдайын түзетуге әрбір адамның мүмкіндігі бар, тек ниет пен әрекет қажет.

Еске сала кетсек, «Қарызсыз қоғам» жобасы AMANAT партиясының бастамасымен іске асып, 160 мыңнан аса қазақстандықтың қаржылық сауатын дамытқан. Бұл көрсеткіш күннен-күнге артып келеді. Жоба аясында азаматтарға өз кәсібін ашуға қолдау көрсетіліп, қаржылық сауатты арттыруға бағытталған оқыту жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ кез келген адамға құқықтық көмек, банк несиелері мен микронесиелер бойынша проблемалық қарыздарды реттеуге жәрдем беріледі.

«Қарызсыз қоғам» жобасына бүгінде Halyk Bank, Forte Bank, Home Credit Bank, First Heartland Jusan Bank, Bank RBK, Freedom Bank, Altyn Bank, Еуразиялық Банк, Bereke Bank және Банк ЦентрКредит қолдау көрсетеді. Бұл әлеуметтік бастама халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған. Ол үшін Qogamfin.kz сайты арқылы немесе тұрғылықты жеріңіздегі AMANAT партиясының филиалдарына жүгініп, оқуға жазылуға болады.