Табиғи апаттардан 10 жылда әлемдік экономикаға 2 трлн доллар шығын келген
Онымен тиімді күресу жолының бірі – баламалы энергия көздерін дамыту
Экстремалды күн райы құбылыстары климаттың өзгеруімен байланысты. Халықаралық сауда палатасының ғалымдары 2013 жылдан бері 6 құрлықтағы табиғи апаттарды зерттей келе осындай қорытынды шығарып отыр. Кейінгі 10 жылда экстремалды ауа райы әлемде 1,5 миллиардтан аса адамның өміріне әсер етті. Ал шығын орасан зор, 2 триллион доллардан асады. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Халықаралық сауда палатасының мәліметінше, табиғи апаттардың шамамен 4 мыңдайы толассыз жауын-шашын, дауыл және тропикалық циклондарға ұласып, дүниежүзінде көптеген үй мен кәсіпорындарды қиратқан.
Климаттың өзгеруі – әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі. Оны соңғы 10 жылдың деректері айқын көрсетіп отыр. Экстремальды ауа райынан әр елдің экономикасына көп шығын келіп жатыр. Сол себепті жаһан елдері климаттың өзгеруімен күресу үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет, - дейді халықаралық сауда палатасының бас хатшысы Джон Дентон.
Соңғы екі жылда экстремалды ауа райы құбылыстарынан жаһан елдеріне келген залал 450 миллиард доллардан асты. Бұл – алдыңғы 8 жылмен салыстырғанда, 19% жоғары. Ал онымен тиімді күресу жолының бірі – баламалы энергия көздерін дамыту.
Жер бетіндегі бүкіл апаттар қазба отындарын жағудан туындап отыр. Бізде бұл үдерісті тоқтату үшін барлық қажетті технологиялар бар. Оларды тезірек енгізуіміз керек. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерін дамыту және атмосфераға зиянды заттар шығарудан бас тарту керек. Біз атмосфераға зиянды заттар шығаруды тоқтатуға міндеттіміз, - дейді World Weather Attribution ұйымының ғылыми сарапшысы Клэр Барнс.
Әлемнің жылынуымен бірге экстремалды ауа райы құбылыстары жиілеп барады. Зерттеуге қарағанда, кейінгі 10 жылда табиғи апаттардан АҚШ, Қытай және Үндістан ең көп зардап шеккен. Мысалы, өткен айда АҚШ-та «Хелен» мен «Милтон» дауылыдарынан келген шығын 50 миллиард долларға жетті. Мамандардың айтуынша, бұл «Катрина», «Сэнди» және «Харви» дауылдарының тигізген залалымен бірдей.