Адвокат балаларды фото, видеоға түсіретін қайырымдылық қорларын сынға алды
Ол негізінен халыққа есеп желіде фото арқылы емес, Excel бағдарламасында жасалатынын жеткізді
Адвокат Жанна Мұхамади балаларды фото мен видеоға түсіріп, желіге салып қоятын қайырымдылық қорларын сынға алды. Ол жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға психологиялық жара салмауды сұрайды, деп хабарлады Stan.kz.
«Асар-Уме» қайырымдылық қорына қатысты туған даудан кейін оған адвокат Жанна Мұхамади де өз пікірін білдірді.
Мен мектепте оқыған жылдары Жаңа жыл қарсаңында сыныпқа мұғалім кіріп, 30 баланың көзінше былай дейтін: «Қайрат, Гауһар, Самат, Әйгерім, аналарың «әкесі жоқ» деген анықтама әкелсін. Ал Лаура мен Әсем, көпбалалы отбасы екені туралы анықтама әкеліңдер. Марат, сенің әкең маскүнем екен, сен де анықтама әкел. Жақын арада күртешелер мен етіктер таратылады, бәріңді жағдайы нашар отбасылар тізіміне қостық». Бір аптадан кейін барлығына арзан былғарыдан жасалған бірдей күртеше мен етік беріледі. Неге екені белгісіз, олар кімнің әкесі жоқ, кімнің мұқтаж екенін көрсетіп, бәрінің көзінше беретін. Жақсы аяқкиімге ақшалары жетпеген болар, бірақ олар балаларға өмірінің соңына дейін жара салып кетті, – деді адвокат.
Айтуынша, соның кесірінен мектепте бөліну, бөлектеу пайда болған.
Оқу жылының басында мұқтаж жандардың тізімін жасап, «Кім мұқтаж? Анықтама әкеліңдер! Тегін тамақтанасың!» дейді. Асханада оларды тамақ қойылған бөлек дастарханға отырғызады. Осылайша, бүкіл мектеп кімді «қайыршы», кімді «әкесіз» деп айтуға болатынын көрсетіп қояды, – деді Жанна Мұхамади.
Ол мектеп бітіргеніне 20 жылға жуық уақыт өтсе де қайырымдылық әлі осылай жасалады дейді. Желіде жағдайы нашар отбасын, баланың жылағанын, олардың нашар үйін жарияға жар салып көрсетеді.
«Міне, Қайрат пен Гауһардың отбасы, олардың 5 баласы бар, Қабанбай ауылындағы қираған уақытша лашықта тұрады», «Қане, балалардың бетін үлкен планда көрсетейік, қызы үй тапсырмасын орындап жатыр, ал ұлы жыртық шалбармен пеште ұйықтап жатыр. Видеоға драма қосайық, баланы ұялтайық» дейтіндей, – деді адвокат.
Сондай-ақ Жанна Мұхамади балалардың бетін желіде бұлдыратып беруді сұрады. Өйткені олардың болашағын ойлау керек.
Балалар мектепке барады, олар әлі де бұл қоғамда ұзақ өмір сүреді, оларда таңдау жоқ. Неге біз мұны жай адамгершілікпен жасай алмаймыз? Неліктен мұндай отбасыларды өз бетінше анықтап, көрсетпей-ақ көмектеспеске? Неге әр Жаңа жылдың алдында осы балаларға арзан бір қорап кәмпит ұстатып, фотоға түсіру керек? Олардан фотоға түскіңіз келе ме деп сұрадыңыз ба? Әр жылы 1 қыркүйекте бірдей рюкзакты көмектесу үшін бересіздер ме, әлде фотоға түсіру үшін бе? – деді ол.
Содан соң халыққа есеп желіде фото арқылы емес, Excel бағдарламасында жасалатынын жеткізді. Айтуынша, мұндай желідегі жария етіп жасалатын қайырымдылықтың кесірінен балалар құрдастарының мазағына қалады.
Балаларды бай-кедей, аз қамтылған, бақытты және бақытсыз деп бөлмейік. Балалар балалық шақтан ләззат алуы керек және оны өмірлеріндегі ең нашар уақыт ретінде есте сақтамауы, кейін психологтың кабинетінде айтып отырмауы керек, – деді адвокат.
Блогер Еркежан Шайхиева да балалардың жылаған видеосын салған қайырымдылық қорын тексеруді талап етті. Қор жұмысын жүргізуге адамдардың эмоциялық күйін пайдалануға наразылық білдіріп, бала құқығы жөнінде уәкіл Динара Зәкиеваға жүгінді.
Динара Закиева, Asarume қоры өз қызметін сату үшін балаларды қалай пайдаланатынына назар аударыңыз. Сондай-ақ балаларды қордың жарнамасына пайдаланады. Балалардың фотоларын/видеосын қолданып жүр. Бұл олардың психикасына кері әсерін тигізеді, – деді блогер.