Биыл халықты 20 млрд теңгедей шығынға батырған 57 қаржы пирамидасы тұтылды
WhatsApp, Telegram және Instagram желілерінде 292 чат бұғатталған
Қаржы мониторингі агенттігі жыл басынан бері аңғал халыққа 20 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген 57 қаржы пирамидасының жолын кесті. Қылмыстық іс қозғалып, 12 миллиард теңгеден аса қаражат өтелді.
Мысалы, таяуда Алматыда HitBeatMusic қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды.
Алаяқтар өздерін канадалық компанияның акционері және иесі ретінде таныстырып, музыкалық инвестициялық жоба қызметіне іс жүзінде қатысы жоқ компанияның акцияларын сатумен айналысқан. Осылайша, салымшылардың қаражатын тартып, енгізілген соманың 10-нан 15%-на дейін пайдасын уәде еткен. Келтірілген залал сомасы – 255 миллион теңге. Сот үкімімен аталған адамдар кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды, – делінген жазбада.
Агенттік IT құралдарды пайдалана отырып, әлеуметтік желілерге талдау жасайды. Биыл қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,5 мыңнан аса сайт сілтемелері бұғатталды. WhatsApp, Telegram және Instagram желілерінде 292 чат бұғатталған. Осылайша, 2 миллионнан аса әлеуетті салымшылардың қаржы шығындарының алды алынды.
Айта кетсек, елде жұмыс істейтін Qnet, World Business Consulting, Finiko Antares/Antares Trade, Sincere Systems Group/S-Group, Hermes LTD, Life is good, Chia Tai Tianding/Chia Tai Pharmaceutical, Energy Eolus Oazqstan/Eolus сияқты қаржы пирамидалары құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапқа тартылды.
Сондай-ақ агенттік жұрт ақша салғысы келетін компанияны қаржы пирамидасының белгілеріне тексеруге мүмкіндік беретін Telegram ботты іске қосты.