Фотограф Бейсен Құранбектің суретін кітапқа рұқсатсыз шығарғандардан 55 млн теңге талап етті

Фотограф Бейсен Құранбектің суретін кітапқа рұқсатсыз шығарғандардан 55 млн теңге талап етті Фотографтың Instagram-дағы парақшасынан
bai-bol.kz bai-bol.kz | 14 қараша, 2024

Сот Жеңіс Ысқабайдың құқығы бұзылды деген қорытындыға келді

Қазақстандық фотограф Жеңіс Ысқабай авторлық құқықты бұзғаны үшін «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорынан 55,3 миллион теңге талап етті. Ол өзі түсірген Бейсен Құранбектің фотосын кітапқа рұқсатсыз басып шығарғанға наразы.

Қор Жеңіс Ысқабай 2014 жылы түсірген портретті «Бейсен және болмыс» кітабының мұқабасына қойып, оның көшірмесін әлеуметтік желілер мен otbasy.com сайтына орналастырған. Кітап әзірлеушілері суреттің авторын көрсетпеген, пайдалануға рұқсат та сұралмаған. Кітап алғаш рет 2021 жылы жарық көріп, әрқайсысы 3 мың теңгеден сатылған.

Жеңіс Ысқабайдың айтуынша, кітап бестселлерге айналып, бір жылдан кейін тағы 1 500 данасы қайта шығарылған. Осыдан кейін шығарма мезгіл-мезгіл шығарылып отырған. Идея авторы және осы кітапты жасауға шабыттандырушы – Мәжіліс депутаты Абзал Құспан. Фотографтың айтуынша, оған жеке шағымдар жоқ, тек әділдікті қалпына келтіруді талап етеді.

Ал жауапкердің өкілі фотографтың дәлелдерін толық мойындамады. Бұл кітаптарды басып шығарған баспахананың қатесін алға тартты.

Кітапта менен басқа кітап жасауға қатысқан барлық авторлар туралы жазылған. Әрине, мұндай жұмыстың пайда болғаны қуантады. Бірақ неге менің де жұмысым бар болса, ол айтылмаған? Алдымен ескертулер жасап жүрдім, кейін шыққан басылымдарда да менің авторлығым жоқ екенін білдім, – дейді фотограф.

Марқұм Бейсен Құранбектің зайыбы да фотоның Жеңіс Ысқабайға тиесілі екенін растады. Бірақ мұндай дау туындауы мүмкін деп ойламапты. Өйткені шығарма күйеуін еске алуға арналған.

Сот шешім шығарып, Жеңіс Ысқабайдың құқығы шынымен де бұзылды деген қорытындыға келді. Бірақ жауапкерлер бұл кітапты Бейсен Құранбекті еске алу үшін жасағанын ескеріп, фотографқа өзі сотта көрсеткен 55,3 миллион теңгенің орнына 500 АЕК (1 846 000 теңге) төлеу туралы қаулы шығарды.

Жеңіс Ысқабайдың талабы ішінара қанағаттандырылсын. Бұзылған авторлық құқық үшін «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорынан 500 АЕК өтемақы өндіріп алынсын. Жеңіс Ысқабайдың бұзылған авторлық құқығы қалпына келтірілсін. «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорынан өкілдің қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі шығындар 505 050 теңге мөлшерінде, нотариустың қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі шығындар 102 564 теңге мөлшерінде өндіріп алынсын. Жеңіс Жұмалыұлы Ысқабаевтың талап арызының қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылады, – делінген сот шешімінде.