Мыңдаған маңғыстаулық «алмас өндірісіне» салған 9 млрд теңгеден айырылды
Олармен облыстық прокуратураның басқарма басшысы жеке кездесті
Маңғыстау облысында мыңға жуық адам ақшасын алмас өндірісіне инвестицияға саламын деп алданып қалды. Жәбірленушілердің айтуынша, қаражатты жинап алған компания басшысы елден қашып кеткен. Қазір Қаржы мониторингі агенттігі сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр. Салымшылар қылмыстық істің бабын өзгертіп, Ақтауда қаралсын деген талап қойды, деп хабарлады 31 арна.
Мәліметке сүйенсек, Ақтау прокуратурасының ғимараты алдына жиналған жұрттың көбі 2019 жылы мүлкін сатып, қолындағы қаражатын Sax Invest компаниясына санап берген. Айтуларынша, жарнамасы жер жарған компания халықты алмас өндірісіне инвестиция салуға үгіттеген. Осылайша, құйған қаражаттың үстінен ай сайын 2 пайыз пайда түсіп отырады деп сендірген.
Біз сол кісіге бала-шағамызға деп жинап отырған бүкіл қаражатымызды салғанбыз. Оның бергі жағында өзгерістер болып, бізге міндеттеме қағазын берді. Ақшаны осындай уақытта қайтарамыз деп уәде етті. Қолхат жазып бергенімен, ол кісі бұдан кейін хабарсыз кетті. Тек әлеуметтік желіден Анголада жүргенін бақылаймыз. Біздің ақшамызды қайтарсын. Алаяқтық жолмен алдап, біздің ақшамызды қайтармай отыр, – деді Гүлшар Берғарина атты тұрғын.
Маңғыстаулық тұрғындардың әрқайсысы компанияға 5 миллион теңге көлемінде ақша санап бергендерін айтады. Бүгінде «Қаржы пирамидасын құрды және ұйымдастырды» деген бап бойынша қозғалған қылмыстық іс елордада тергеліп жатыр. Алайда жиналған қауым істің бабын өзгертіп, оны Ақтауда қарауды сұрайды.
Ол кісі бізге келіп, өз компаниясын жарнамалап, акцияға инвестиция саласыңдар деп алдады. Оның сөзіне сеніп, мен көлігімді сатып, 10 мың доллар салдым. Міне, 5 жыл бойы табыс түгілі, өз ақшамызды ала алмай отырмыз. Ақшамызды қайтар десек, Анголада жұмыс істеп жатырмын деп уәдеге сендіріп келді. Құзырлы органдардан істі Маңғыстау облысында «Алаяқтық» бабы бойынша тергеуді сұраймыз, – дейді қала тұрғыны Алла Гафулер.
Арызын арқалаған жұртпен Маңғыстау облыстық прокуратурасының басқарма басшысы Данияр Төлегенов жеке кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Астана қалалық экономикалық тергеу департаментімен Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігімен («Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету») сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Осы іс бойынша аталған органмен күдікті тұлғалар ұсталды. Бұдан басқа тергеу әрекеттері тағы да жалғасады. Сонымен қатар бүгін Маңғыстау облысы прокуратурасының басшылық құрамымен осы салымшыларға жеке қабылдау жүргізілді, тиісті заңды түсіндірме берілді, – деді прокурор.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, компания жұртқа 9 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген. Сонымен қатар агенттік осыдан бір ай бұрын Sax Invest қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлім етті.