Айнұр Тұрсынбаева кедейлікке әбден бейімделіп алғандардың кемшілігін айтты

Айнұр Тұрсынбаева кедейлікке әбден бейімделіп алғандардың кемшілігін айтты Instagram
bai-bol.kz bai-bol.kz | 11 қараша, 2024

«Маған көп ақша жіберме, Аллам!» деген сигнал төбеңізде жанып тұр, – дейді

Желі жұлдызына айналған айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Instagram-дағы парақшасына көп адамның өзіне келетін несібенің жолын өзі жабатынын жазды.

Ол адам миына өзі программа жіберетінін түсіндіруге тырысқан. Сондай-ақ жұртты бұйырып тұрған несібеден бас тратпауға шақырды.

Адам көп жағдайда өзіне келетін несібенің жолын өзі жабады. Ауыздан шыққан әрбір сөз – сіздің өз өміріңізге жасалатын бағдарлама. Ал біз сол бағдарламаны кішкентайымыздан дұрыс қоймаймыз. Мысалы, үйге қонақ келіп, сіздің балаңызға ақша ұстатты. Сіз бірден «алма, ұят болады» дейсіз. Ол қонақтан емес, жоғарыдан берілген ақша негізі. Сіз оны алғыңыз келсе де ұяласыз. Баламыздың өзі біреу ақша берсе, «рақмет» дей салмайды, «жоқ, керек емес» деп безілдеп тұрады. Яғни, блок қойып, ақшаның келу жолын жабады. Одан кейін біреу қымбат сыйлық жасаса, бірден басқа адамға сыйлап жібереміз. Тіпті, «несіне әуре болдың, қымбат қой» деп сөйлеп қаламыз. Яғни, жоғарыға «мұндай қымбат сыйлыққа мен лайық емеспін» деген сигнал жібереміз. Жақсы букет сыйланса «Кімнің туған күні?» деп жанталасамыз. Босқа солып қалады деп, басқаға сыйлап жібереміз. «Бірнеше миллион табыс табуға болады» десең, «ой, маған 100 мың жетеді» деп күрсінетіндер де бар. Тағы да қате программа! «Маған көп ақша жіберме, Аллам!» деген сигнал төбеңізде жанып тұр, – деп жазды Айнұр Тұрсынбаева. 

Сондай-ақ ол үйсіз-күйсіз жүрендерді сөз етіп, олардың үлкен үйді армандамайтындарын алға тартты. Керісінше, өздерінің жатақханада тұрғандарын ыңғайлы санайтын көрінеді.

Біреулермен баспана туралы сөйлесе қалсақ, «1 жатақxана немесе 1 бөлме үй алсақ жетеді» деп қашқақтап шығады. Араға біраз уақыт салып, қалаған жатақханасына қол жеткізеді. Себебі Алла тағала еш пендесінің сұрағанын бермей қоймаған. Сөйтіп балалы-шағалы болса да сол жатақxанада шұбырып жүре береді. Қымбат дүкеннің қасынан өтіп бара жатсақ, өліп кетсек те кірмейміз. «Құрысын, удай қымбат! Ондай ақша қайдан болсын менде?! Ақшам болса да мұндайды кимеймін» деп шалқайып шыға келеміз. Дәл осы жерде тартылыс заңының бетін қайтарамыз. Адам не айтса, не жасаса, соны тартады. Кез келген ұнаған затты «өзімдікі» деп қабылдап үйреніңіз, – деп кеңес берді ақын көпшілікке.