Дубай шоколадынан кейін хит болған жүзім туралы не білесіз?
Трендке айналмай тұрғанда, келісі небәрі 2 500 теңге болған
Дубай шоколадынан кейін желіде жаңа тренд пайда болып, көпшілік жапон жүзімі «Шайн мускатты» талап алып жатыр. Осы жағдайдан соң импорт бағасы да аспандап кеткен. Мамандар бұл жемістің ерекшілігі қандай және жасанды жүзімнің зияны жоқ па деген сауалдарға жауап берді, деп хабарлады 31 арна.
Дерекке сүйенсек, қазақстандықтар алып жатқан жемісті ең алғаш жапон фермерлері ойлап тапқан. Бұл – мускаттың екі түрін будандастыру арқылы өсірілген өнім. Қазір жүзімді Оңтүстік Корея мен Қытай да өндіреді. Қазақстан нарығына көбіне іргедегі көршіміз Қытайдан келеді.
Трендтен қалмай, сатып алғандардың пікірінше, көлемі үлкен, дәні жоқ жүзім тәтті дәмімен ерекшеленеді. Алайда «Шайн мускаттың» құрамында химиялық заттардың көп екені де айтылып жатыр.
Менің ойымша, «зиянды заттар көп, бізді қытайлар улап жатыр деген – өтірік нәрсе. Қатты зияны жоқ деп ойлаймын. Кәдімгі жүзім», «Алып көрген жоқпын. Қымбат деп ойлаймын. Дубай шоколоды да, «Шайн мускат» та қымбат. Трендтен қалмаймын деп олай жасамайтын едім» дейді суалнамаға жауап берген жұрт.
Қазір ол жүзімнің 1 келісі 6-11 мың теңге аралығында сатылып жатыр. Ал трендке айналмай тұрғанда, небәрі 2 500 теңге болған.
Осыдан 3-4 күн бұрын бұл жүзімнің бір жәшігі 4 мың теңге болған. Одан 3 келі шығады. 3-4 күннен бері хит болып кетті. Бір жәшігінің өзі 15 мың теңге болып кетті. Шетел де қымбаттатқан, содан қымбат болып тұр екен «Алтын орда» базарында. Ол жақ баға көтерсе біз де көтереміз, түсірсе түсіреміз, – дейді кәсіпкер Жазира Рахметова.
Ал маркетолог Әлібек Мәртеновтің пікірінше, импорт жүзімнің айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Тек оған сұраныстың күрт артуына TikTok желісі ықпал еткен.
Маркетологтардың жұмысының нәтижесінде жүзім бүгінгі күннің трендіне айналды. Сұраныс жемістің дәмі ерекше болғандықтан артып отырған жоқ. Бар-жоғы TikTok-та жүзім туралы видеолар көп қаралым жинап, өнімнің танымалдылығы артқан. Мәселе осында ғана, – дейді ол.
Ал мамандар трендке айналған «Шайн мускаттың» құрамындағы мөлшерден тыс химиялық заттардың денсаулыққа өте зиян екенін айтып отыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін желіде Дубай шоколады трендке айналып, әлем бойынша минутына оның 100 данасы сатылған болатын.