«100 млн теңгеден аса қаржыны жұмсап тастағанбыз»: Айнұр Тұрсынбаева Instagram парақшасын уайымдады
Оны хакерлерге 2 жылқы беріп қайтарып алған
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Instagram парақшасындағы оқырмандарынан айырылып қалды.
Айтуынша, парақшасына хакерлер бұзып кірген көрінеді. Ал ол алдағы бір жобаға 100 миллион теңгеден аса қаржы жұмсаған.
Бір сәт! Өмір деген қызық, иә?.. Алдыңғы күні ғана инстадан жарқырап шығып, ертең керемет хабар айтамын деп отырған едім. Ертесіне оянсам, Instagram-ым жоқ. Хакерлер бұзып тастапты. Үлкен проект бастағанбыз, бүкіл масштабқа шыққан мықтыларды жинағанбыз, 100 миллионнан аса қаржыны жұмсап тастағанбыз. Парақша жоқ. Проект далада қалды. Хакерлерге шықтық. Парақшаны қайтару құны 1-3 миллионның арасында деді. 2013 жылдан бері 4 миллион 1 жүз мың оқырман жиналған екен. Қаншама Аллаға тапсырдым десем де жүрек құрғыр дүрсілдеп, жылағым келді. Бұл да бір отбасым еді ғой деген қимастық жанымды ауыртқаны рас, – деп жазды ол.
Бұдан басқа, Айнұр Тұрсынбаева өнердегі құрбысы, марқұм Құрманай Бақтиярқызының қазасы туралы айтып, көңілі түскенін жеткізді.
Адам өлгенде ғана, алтын жоғалғанда ғана қиналатынымыз неге екен? Барды бар деп неге бағаламайды екенбіз? «Instagram деген уайымдайтын дүние ме, жұрттар анасынан, баласынан да айырылып жатыр ғой» деген ой мені жатқан жерімнен жұлып алды. Құрманай қазақтың асыл қызы еді, ақ жүрек еді... Алтындарым, өлмейтін адам жоқ. Instagram-мен лайк басумен шектелмейік. Жақындарыңызға жылы сөздеріңізді арнап, жүздесіп тұрыңыздар. Ертең өледі де қалады. Ешкімге ренжімей, аман жүрейік. Instagram-ды 2 жылқы беріп қайтарып алдым. Instagram-ды емес, сіздерді сақтап қалдым, – деді ол.