«Зауыт-фабрика жоқ дейсіздер де апта сайын тойға бара бересіздер» - Қытай қазағы

«Зауыт-фабрика жоқ дейсіздер де апта сайын тойға бара бересіздер» - Қытай қазағы видеодан скриншот
bai-bol.kz bai-bol.kz | 29 қазан, 2024

Әр адам өз тапқан табысына орай қуанады

Журналист Гүлмира Әбіқай Instagram-дағы парақшасында елімізде болатын орынсыз тойлардың көптігін айтып, соңғы жылдары қалыптасқан үрдістің кемшілігін атап өтті.

Елге келген екі күнде 10-ға жуық той-томалаққа шақырту алдым. 70 жастан бастап, зейнетке шығу, 50 жас, үйлену тойы, құдалық, қыз ұзату, Ай-хой 45, сүндет той, 60 жас, шілдехана, тіпті, есік-төр көру де той болыпты. Бұдан бөлек, ас пен құдайы тамақ, қырық күн, қайтқан адамның 20 жылдығына орай еске алу да бар. Өткенде Қытайдағы сапардан жазамын деген өзекті 2 тақырыбымның бірі осы еді, - дейді Гүлмира Әбіқай.

Айтуынша, ол Қытайда тұратын жергілікті қазақ жігітімен әңгімелескен. Сонда жігіт өздерінде тек үйлену тойы ғана бар екенін айтыпты.

Қызды өз туыстары, жақындары, құрбылары ұзатады. Ал бір адамның жаңа әулетке келіп, ел анасы болуы – тойлауға тұрарлық. Қытай қазақтары екі жас қосылған үйлену тойды ғана жасайды, содан қалмауға тырысамыз. Басқа, туған күн мен бесік тойлар үйде жасалады. «Адамның туған күнін атап өту тек жақындарына арналады. Басқа уақытта біз жұмыс істейміз. Ал сіздер Қазақстанда біздегідей зауыт-фабрика жоқ дейсіздер, сонда да апта сайын тойға бара береді екенсіздер, иә?» деді жергілікті қазақ жігіті. Әрі жоқ, әрі иә дедім. Қайта мен кейде іссапар мен сьемкада болып, жарты тойдан қалып қоямын. Ал сіз бәріне барып үлгересіз бе? – дейді журналист.

Бұл ретте ол да ешкімге «той жасама» деп шектеу қойып отырған жоқ. Әр адамның өз тапқан табысына орай қуанатынын еске салып қойды.

Бірақ жеке мерекелер һәм қырқынан шықпаған нәрестені тойхана ортасында шілде суға шомылдыру дұрыс емес шығар? - деп ортаға ой салып түйіндеді сөзін әріптесіміз.