Бұқараның қаржылық сауаты 1 млрд теңгені игеруге жете ме?

Бұқараның қаржылық сауаты 1 млрд теңгені игеруге жете ме? ашық дереккөз
Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов | 25 қазан, 2024

Бірнеше пәтер алу, қыдыру, той-томалаққа шашылу әдетіне ерік бергісі келетіндер басым

Биыл қаржылық сауат мәселесі жиі қозалып кетті. Саусақ ұшын қимылдатпай, тез байып кетуді көздейтін қара халықтың алаяқтардың арбауына жиі түсіп қала беретіні «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алуға да әсер етті. Осы орайда біз желі қолданушыларына «Қазір өзіңізде 1 миллиард теңге болса, не істер едіңіз?» деген сұрақ қойып көрдік.

Сұраққа жауап бергендердің дені осынша қаржыны дұрыс игере алмайтынын аңғартты. Қарапайым екі қазақтың бірі айтатын бірнеше пәтер алу, қыдыру, той-томалаққа шашылу әдетіне ерік бергісі келетіндер басым. Мысал келтіріп көрейік...

2 бөлмелі бір, 3 бөлмелі екі пәтер алуға тырысар едім», «Әр қаладан 10 пәтер алып, здавать етіп тастап, жұрт сияқты Түркиядан 1 үй, Моңғолиядан 3 үй алып қояр едім. Қалғанымен тойлатып, ішіп-жеп жатамын», «Әке-шешеме зәулім үй салып, келін алып берер едім. Ала алмай жүрген қымбат кітаптарды сатып алар едім. Балаларыма мықты ұстаздар жалдар едім. Өзіме көлік алар едім», «Пәтерлер алып, жалға беріп тастаймын», «Қыдырамын, от души. Барғым кеп жүрген елдерге», «Бірінші шетел аралаймын. Аяқтаған соң көремін не істейтінімді», «Әлемді аралаймын».

Бұны 1 миллиард теңгенің басына осылайша су құйып тастайтын бір топ деп қойыңыз. Оп-оңай шаша салуға бейім. Ал екінші топтың арманы олардікінен асқақтау. Оқып көріңіз...

Депозитке салып, бұрынғыдай өмір сүре беремін», «Биржаға саламын», «Бизнеске құйып, «Алаш Орда» баспасын ашамын», «Ұлттық мектеп саламын», «YouTube-та балаларға арналған қазақша контенттер аштырар едім. Оның екі пайдасы бар: бірі – қазақ тілі дамиды, екіншісі – табыс көзі», «Бизнес бастайтын едім, Қытайдан стонок әкеліп», «Тәуелсіз медиа ашар едім», «Таза қазақтілді газет-журналдар ашар едім», «Диабеттерге арналған реабилитационалдық орталық ашушы едім», «Елге пайда болар кәсіп – қоқысты қайта өңдейтін зауыт ашар едім. Табиғатты ластайтын адамдарға тосқауыл жасар едім».

Бұлар – егер қолында 1 млрд теңге болса, оны қомақты пайда әкелетін кәсіп көзіне айналдырып, ішкі нарықта тәуір айналым жасағысы келетін, алғашқы соманы құрығанда депозит, акция арқылы көбейтіп отыруды мақсат тұтатын табыскер болғалы тұрған топ.

Ал үшінші топ әзір нақты не істей алатынын білмейді. Тіпті, «Не бұл? 1-сыныптың сұрағы ма?» дегендей қарсы сұрақ қойып, «1 миллиард теңге» деген көрсеткішті ой таразысына салып көрмегендер де бар. Енді кейбірі «Тек қана қайырымдылық істеріне жұмсар едім», «Жоқ-жітіктерге таратып беремін» деп әлден атымтайжомарттық танытып отыр. Кім білсін, көбіне пенденің көз алдындағы бума-бума банкноттың буы ондай кеңшілікке жол аша бермейді ғой...

Осы ой-армандардың қорытындысын Есет Қалманов атты желі қолданушы жақсы жасағанға ұқсайды.

Қазақ әр қаладан үй алады. Оншақты пәтер алып, арендаға береді. Ресторан, тойхана салады. СТО ашады. Супермаркет ашады. Джип алады. Гүрілдетіп, әншілерді шақырып, той береді. Одан арыға фантазия да, ақыл да жетпейді ғой, - дейді ол.

Ащы да болса, қоғамның дәл «диагнозы» осы ма деп қаласың кейде. Сондай-ақ тағы бір шындықты Нако Қабдықайырқызы айтты.

Санай алмай, ұятқа қалармын. 1 млн теңге болса, қанағат, - дейді ол.

«Армандар орындалады», «Адам болатын бала алысқа қарайды» дегендей кең ұғымға салсақ, 1 млрд теңгені одан да зор кәсіп, мол нәсіп еткісі келетіндердің мақсаты түбінде бір орындалуға тиіс. Жалпы, ондай қомақты қаржы қадірін білетін қолға құтаяды.