Бар мәселеңізді шешіп алуға қанша теңге керек? – сауалнама
Жұрттың көбі банк үшін жұмыс істеп, несие үшін жалақы алады
Әлеуметтік желіде көпшілікке «Бар мәселеңізді шешіп алу үшін сізге дәл қазір қанша теңге керек?» деген сұрақ қойып көрдік. Шын мұқтаждар кемінде 10 млн теңгеден бастап, әрісі 500 млн теңгеге дейін қажет етеді екен. Арасында мүлде қаржыға тәуелді мәселесі жоқтар да бар, деп жазды bai-bol.kz.
Сонымен, сұраққа жарты күнде жүзден аса адам жауап берген. Көбі несие, ипотекасын мерзімінен бұрын жауып тастағысы келеді. Ол үшін кемінде 10-15 млн теңге қажет. Ал мерзімінен бұрын жаппаса, қарызын ай сайын 5-10 жыл бойы артық пайызымен төлеп отыруына тура келеді.
Сондай-ақ көзі тірісінде балаларына баспана алып беріп кеткісі келетін егде жастағы кісілер де бар. Несиесі аз жастар да жиһазымен қоса бір үй алуға 40-50 млн теңгедей отбасылық бюджетінің болғанын қалайды.
«300 мың теңге жетеді», «Болса артықтық етпес, болмаса ренжімеймін, аса қажеттілік жоқ», «Денім сау, отбасым аман болса, болды маған. Ақша – қолдың кірі», «Менде еш мәселе жоқ. Тек арман бар» дейтін жандар да кездесті. Әлгіндей жұрт белшеден батып жатқан қарыздан аулақ. Қыруар қаржыға мұқтаж емес.
Тісіме иплант салдырғанға 3 миллион, көзіме операцияға 1 млн, ұлыма брекетке 300 мың теңге, Хонда Одиссей немесе Тойота Сиеннаға 12 миллиондай керек. Іргетас құйып қойдық, үйді өзіміз көтере саламыз, - деп «VIP-арманын» айтқан желі қолданушысы да болды.
Әрине, ол дегеніңіз несие, пәтерақы, ипотекасын уақтылы төлей алмай, ақшадан қиналып жүрген шын мұқтаждардың қасында еріккеннің ермегіндей көрінеді.
Маған 400 мың айлық болса, 1 млн теңге несием, 1 млн 300 мың теңге ипотекамды жапсам болды. Сонымен 60-қа да келеді екенмін. Өміріміз несиеге жұмыс істеумен өтіп жатыр, - дейді келесі кейіпкеріміз.
Алпысты алқымдағанша несие төлеп жүр демесеңіз, онікі де анау айтқандай аса қиын мәселе емес. Өзге жауап иелеріне қарап, шүкір ететін жағдай екен.
Зейнетақыма 100 мың қосып берсе, жетер еді. Әйтпесе тамаққа жетсе де жүрген-тұрғаныма (той-томалақ) жетіңкіремей тұр. Осыдан 5-6 жыл бұрын толық жетуші еді. Бірақ ол кезде 30 мың Таразда 1 айлық азыққа жететін, той-томалақтың да ставкасы 10-15 мың еді. Ал қазір Алматыда (тойға кемі – 50 мың теңге, онда да пенсионер ретінде) 120 мың жетпей қалады. Амал жоқ, кемпірімнің пенсиесіне жармасуға тура келіп тұр, - деген бақытты жанды да көрдік.
Қазіргі бар «уайымы» – зейнетақысының той-томалаққа жетпей қалып жатқаны. Қарызсыз қарияның бұлай деуіне есейген бала-шағасының перзенттік парызын, ата-ананың қарызын өтеп жатқаны себеп.
Кезінде – 90-жылдардың соңы, 2000-жылдардың басында мен де бірінен соң бірі мектеп бітіріп жатқан 3 балама жоғары білім алып беремін деп қарызға батып, қолма-қол ақша табу үшін жұмыстан кетіп, ескі машинамен «таксовать етіп» кеткенмін. Құдайға шүкір, сол балаларым оқуларын бітіріп, жұмысқа тұрып, қарызымның бәрінен түгелдей құтқарып берді ғой, айналайындар! – деп өміріне шүкіршілік етті қария.
Ал 80-90-жылдары туған буын екінші деңгейлі банктерге миллиондап қарыз. Олардың алды 40-тан асса, арты – 30 жастың айналасында. Самайларын «қырау шалып», беттерін әжім торлап, жүйкелері жұқарып біткен көбінің. Банк үшін жұмыс істеп, несие үшін жалақы алады. Жеке өмір, отбасылық құндылық деген ұғым жоқ. Робот сияқты кәдімгі. Жоғарыда аталған 10-500 млн теңге аралығындағы шығынын түсінде көріп таң атырады, соны ойлап кеш батырады. Ал олардың жалақысын да көтермеген «халық үніне құлақ асатын мемлекет», «еститін Үкімет» тарапынан миллиардтаған қаржыны жұмырына жұғын көрмей жұтып жатқандар әлі де көп...
Келесі сауалнамаға жауап беруге дайын болыңыздар, ағайын!