Ауғандар Алматыдағы көрмеге неге қару-жарақ әкелген? - вице-премьер түсіндірді

Ауғандар Алматыдағы көрмеге неге қару-жарақ әкелген? - вице-премьер түсіндірді Сауда және интеграция министрлігі
bai-bol.kz bai-bol.kz | 24 қазан, 2024

Ауғандар – қолөнердің хас шебері, - деді Серік Жұманғарин

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин ауғандардың 21 қазанда Алматыда өткен көрмеге неге қару-жарақ әкелгенін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni.

Ашығын айтсақ, ол жерде ешқандай қару болған жоқ. Көрменің бұл бөлімі «антиквариат» деп аталды. Ауғандар – қолөнердің хас шебері. Олардың металмен не істейтінін көрулеріңіз керек. Арматурадан жасалған үлкен балғаны көтергенімді көрген шығарсыздар. Қолдарынан бәрі келеді. Олар керемет заттар жасайды, бәрі жаңа. Олар дулыға, мушкет (мылтық) алып келді. Оның басым бөлігі – кәдесыйлар (сувенир). Адамдар оны сатып алып, мейрамханаға іліп қойса болады. Мұнда қару-жарақ жеткізу туралы сөз болмады. Олардың алып келген заттары көрмеге ерекшелік берді, - деді Серік Жұманғарин Үкіметтің баспасөз орталығында.

Сондай-ақ ол көрмеге заттарды дұрыс қою өте маңызды екенін жеткізді.

Іс-шараны дұрыс ұйымдастыру керек. Мысалы, сіз көрмеге бардыңыз деп елестетейік. Онда тек кілемдер бар. Сіз неге қарайсыз? Бәрі қайталана береді. Ал Алматыдағы көрмеде асыл тастар мен зергерлік бұйымдар, құрылыс материалдары болды. Олар бәрін рет-ретімен қойған, - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Еске сала кетсек, 21 қазанда Алматыдағы Атакент-Экспо кешенінде өткен ауған тауарларының көрмесіне 80-нен аса компания қатысқан болатын. Көрмеге жемістер мен көкөністер, сусындар, жаңғақтар, шафран шайы, құрылыс материалдары, асыл тастар сияқты 150-ден аса өнім қойылды.