Демпинг, тариф және ауыр жүк көліктері: Өңірлердегі жол сапасы неге төмен?

Демпинг, тариф және ауыр жүк көліктері: Өңірлердегі жол сапасы неге төмен? 08info.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 19 қазан, 2024

Жол құрылысына бөлініп жатқан қаражат өңірлерге жетпей жатыр

Қазақстандағы облыстық маңызы бар жолдардың жартысына жуығы нормативке сай емес. Оның негізгі себептері шетелдік компаниялардың құрылыс бағасын төмендетуі, салынған жолдардың сапасыз жабдықталуы, жарықтандырудың жетіспеушілігі және ауыр көліктер қатынасының тиімді реттелмеуі. Бұл туралы Сенат депутаты Талғат Жүнісов премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.

Республикалық маңызды жолдар мен өңірдегі жолдардың арасында тепе-теңдік жоқ

Сенатордың айтуынша, соңғы төрт жылда елімізде нормативті талаптарға сай келетін жол ұзындығы 3 мың шақырымға ұлғайған. Жаңадан салынған немесе жөнделген жолдар негізінен республикалық маңызы бар жолдар. Нәтижесінде нормативті талаптарға сай келетін жол ұзындығы 2018 жылы 80 пайыздан сәл астам болса, қазіргі көрсеткіш 92 пайызға жетіп отыр.

Алайда облыстық маңызы бар жолдардың жағдайы мәз емес. Депутаттың айтуынша, ондағы нормативке сай келетін жол ұзындығы 60 пайызға да жетпейді. Осы орайда, жол құрылысына бөлініп жатқан қаражаттың өңірлерге жетпей жатқанын аңғаруға болады.

  • Ал 2021 жылдың сәуір айында Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін жергілікті деңгейдегі жолдардың 95 пайызын нормативті талаптарға сай етуді тапсырған. Осы мақсатта 2029 жылдан бастап республикалық бюджеттен жылына 50 млрд теңге бөлініп келе жатқанын айтқан еді.

Алайда қазір нормативті талапқа өңірлік жолдардың тек 60 пайызға жетер-жетпесі ғана сай екенін ескерсек, Президенттің тапсырмасының орындалуы екіталай.

Шетелдік компаниялардың демпингі

Тағы бір мәселе жол құрылысы құнының бақылаусыз қалғандығында. Шетелдік мердігерлер көбіне битум, асфальт, асфальтбетон, қиыршық тас және басқа материалдардың бағасын әдейі төмендетіп, конкурсқа қатысады. Депутаттың айтуынша, бұл жаңадан салынған жолдардың аз уақыт ішінде тез бұзылуына алып келеді.

Былтыр Көлік министрі Марат Қарабевтың облыс әкімдерімен және «ҚазАвтоЖол» басшылығымен өткізген жиынында Қазақстанда 2 жолақты 1 шақырым жолдың құны 1-1,2 млрд теңге, төрт жолақты 1 шақырым жол 1,5-2 млрд теңге тұратынын мәлімдеген еді.

  • Magazeta.com сайтының мәліметінше, Қытайда 1 шақырым жол құны 30 млн юань шамасында. 12 қазан күнгі бағаммен есептесек, 2 млрд теңгенің үстінде.

Яғни, Қазақстандағы жол құрылысының тендерін алып отырған қытайлық компаниялар бағаны арзандатып отырғаны анық. Осы орайда, сенатордың шетелдік компаниялар тарапынан баға демпингі бар деген тұжырымы ақылға қонымды. Бұл тұрғыда, Талғат Жүнісов үкімет назарын осы мәселеге аударады.

Тарифтің қымбаттығынан жол бойында жарық жоқ

Жол мәселесі оның өзімен ғана шектелмейді. Жол бойындағы қызмет, қосалқы инфрақұрылымдар да көпшілікті алаңдатқан мәселе. Әсіресе, жаяу жүргіншілер өтетін жердің, аялдамалардың жоқтығы, жарықтандырылмауы – осы мәселелер тіпті кісі өліміне де әкеп соғып жатады. Соның ішінде, сенатор Талғат Жүнісов жол бойының жарықтанбауы тек инфрақұрылым мәселесі ғана емес, сонымен қатар қаражаттың тапшылығына келіп тірелетінін айтады.

Мәселе қаражаттың объективті тапшылығында: электр энергиясының тарифі өте жоғары. Бұл белгілі бір дәрежеде мәжбүрлі үнемдеуге және өкінішке қарай, апаттар мен қайғылы жағдайларға әкеледі, – дейді сенатор.

«Ауыр жүк көліктерін жүргізбеу керек»

Тағы бір маңызды міндет – ауыр көліктердің өтуін тиімді реттеуді жолға қою. Депутаттың айтуынша, ауыр жүк көліктері тасымалдау нормативтерін бұзады, яғни артығымен жүк тиейді. Ал қолданыстағы жол ондай ауыртпалыққа есептелмеген. Салдарынан жол нашарлайды. Ал нашар жолда жол көлік-оқиғасы жиі болатыны белгілі.

Қазір Қазақстанда ось жүктемесі 10 тонна. Ал бізде 25 тоннадан 40 тоннаға дейін жүк тиейтін қытайлық самосвалдар жүр. Бұл көліктер карьерлерде жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушылар, 40 тоннаға дейін немесе одан да көп жүк тиейді, – дейді Талғат Жүнісов.

Оның айтуынша, мемлекеттің салатын айыппұлы мәселені шеше алмайды. Осы орайда, депутат 80 тоннаға дейін жүк таситын автопойыздың асфальтталған жолда жүруіне тыйым салып, тек рельспен тасымалдауға міндеттеуді ұсынды.

Сенатордың пікірінше, батыс елдерінде мұндай самосвалдар карьерлерден тыс жерде жүрмейді. Ал Қазақстанда мұндай көліктер асфальтталған жолдарда емін-еркін жүр.

Ақмола облысында Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарының жолдары ауыр жүктен зиян шегіп жатыр. Жалғыз Целиноград ауданының өзінінде кең таралған пайдалы қазбаларды жер қойнауын пайдалануға 60 келісімшарт бар. Дәл осындай жағдай жоғарыда аталған аудандарда да бар. Жалпы, ауыр көліктердің жолдарды бұзу мәселесі республиканың барлық өңірлерінде өткір тұр, – деді сенатор.

Мағжан Молдахмет