«Курьер болып, көп ақша табуға болады» - прокуратура үндеу жасады
Оған 20 және 22 жастағы екі қыздың оқиғасын мысал етті
Прокуратура көпшілікті курьер болып табыс табу туралы күмәнді ұсыныстарды қабылдамауға шақырды.
Егер сіз жұмыс іздеп, курьер (бөлшектеуші, таратушы, кладмен, трафаретші) ретінде жоғары ақы төленетін жұмысқа ұсыныс алсаңыз, ойланыңыз. Өйткені аталған жарнама есірткі бизнесіне тартуды жасырын көздеуі мүмкін. Жалған табыс туралы хабарландырулардағы сөздер алаңдатуы қажет. Бұл – есірткі сатушылардың айласы, - делінген ескертуде.
Осылайша, ведомство өкілдері алданып қалған 20 және 22 жастағы екі қыздың оқиғасын мысал етті. Интернеттен ақша табудың оңай жолын тапқан олар қылмыстық жоспарға сәйкес, кураторлардың көрсеткен мекенжайлары бойынша психотроптық заттар мен олардың аналогтарын алып, бөлшектеп орап, таратқан.
Сотталғандардың жалға алған тұрғылықты пәтерінен өлшеп, оралған 50 грамнан аса мефедрон тәркіленді, - деді прокуратура өкілдері.
Сот үкімімен екеуі 10 жылға бас бостандығынан айырылған.