Өскеменде 30 жастағы жігіт сатушыларды ұрып, дүкен тонаған
Қолды еткен ақшамен қарыздарын өтеген
Өскеменде екі дүкенді тонап кеткен күдікті ұсталды.
Түнгі уақытта полицияға гүл сататын дүкеннің сатушысы өзін бір ер адамның тонап кеткенін хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз адам дүкенге кіріп, қорқытып, бірнеше рет ұрып, кассадан 14 мың теңгені алып, белгісіз бағытқа қашып кеткен.
Екі күннен кейін полицияға дәл сондай қоңырау түскен. Бұл жолы да ер адам азық-түлік дүкенінде сол сценарий бойынша әрекет еткен. Сатушыға күш көрсетіп, кассадан 110 мың теңгеден аса ақшаны алып, қашып кеткен.
Тәртіп сақшылары күдіктіні жедел анықтап, қамауға алды. Ол облыстың 30 жастағы тұрғыны болып шықты. Тонау кезінде қылмыс жасаған маңда тәулік бойы пәтер жалдап тұрғаны анықталды. Қолды еткен ақшамен қарыздарын өтеген.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық жағдайды анықтауға бағытталған қосымша тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектелуі немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.