Ақылы автотұрақтарға қарсы петиция жарияланды

Ақылы автотұрақтарға қарсы петиция жарияланды Василий Крась
bai-bol.kz bai-bol.kz | 12 қазан, 2024

Мәселені билік өкілдері қайта қарау үшін 50 мыңнан аса қол керек

Күніне 5 800 теңге айыппұл төлеймін. Астана қаласының тұрғыны ақылы автотұрақтар жойылсын деп петиция жариялады. Сәл кідірсең, айыппұл келіп тұрады дегендер заң жүзінде көлік жүргізушілерінің құқығын қорғауға бел буған, деп хабарлады «Астана» телеарнасы. 

Күніне тұраққа көлікті қанша уақытқа қоятынымды болжау мүмкін емес деген Ерқанат Сәрсенбайұлы өз уәжін Е-петиция сайтына жариялады. Айтуынша, көлік жүргізушілерінің құқығын қорғайтын тиімді механизм жоқ. Белгіленген уақыттан сәл кідірсе, айыппұл келіп тұрады. Сол себепті ол қол жинап, Астана мен өзге қалаларда да тұрақтар тегін болсын деп петиция жариялады. Оның үстіне, темір тұлпарға лайықты орын табу адамдардың қалтасын қағатыны да осы қадамның басты себебі.

Есептеп қарасаң, әрбір көлігі бар адам жұмысқа таңертең 9-да келіп, 6-7-ге дейін 10 сағат тұрады екен. Астанада кептеліс болғаннан кейін үйіне түскі ас ішіп келуге барып-келе алмайды. Сондықтан 10 сағат тұрады екен. 10 сағатта 1 мың теңге төлейді. 1 айда 24 жұмыс күні бар деп есептесек, 24 мың төлейді. Сонда енді көлігімізге төлеп жатқан салығымыз қайда, басқасы қайда? Мен оны түсіне алмадым. Неге халыққа тегін тұратын тұрақ жоқ? - дейді Ерқанат Сәрсенбайұлы.

Бұл ретте оның пікірін қолдаушылар жетерлік. Осылайша көпшіліктің алаңдаушылығын тудырған факті – түскен ақшаның көп бөлігі белгісіз біреулердің қолында кетеді. Алайда қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, ол қаражаттың да сұрауы бар.

Қаланың бюджетіне аударылады толығымен. Сағатына 100 теңге алынған ақы жеке кәсіпкерге берілсе, қалған 25 пайызы мемлекетке аударылады. Мемлекет оны әртүрлі әлеуметтік мәселеге жұмсайды, - дейді Астана қалалық көлік және жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы Бауыржан Күмісбеков.

Десе де жарияланған тәртіп бойынша, ақылы тұрақ мәселесі билік өкілдері тарапынан қайта қаралу үшін 50 мыңнан аса қол керек. Әзірге көлік жүргізушілердің күніне орташа өлшеммен 1 мың теңге төлеуіне тура келеді.