«Отыздан асып барамын» әнінің авторы 12 шаршы метрлік пәтерде тұрады
Сондай-ақ ол – «Сәт» триосын халыққа танытқан «Көнеміз ғой» әнінің авторы
«Отыздан асып барамын» әнінің авторы Садық Қынат та «Астарлы ақиқат» бағдарламасы арқылы ел алдына шығып, өзінің қазір қалай өмір сүріп жатқанын көрсетті.
Осы орайда сазгер Шымкент қаласынан қоныс аударып келіп, Алматыдағы аядай ғана пәтерлде тұрып жатқанын айтып берді.
Халық хит ән жазған авторлардың бәрі екі қабатты коттеджде тұрады деп ойлайтын шығар. Алматының бір шетінде, 12 шаршы метрлік кішкентай ғана үйде тұрып жатырмыз. Қазіргі заманда хит ән жазған авторлар емес, соны айтып жатқан орындаушылар екі қабатты коттеджерде тұруы мүмкін. Ал біздің жағдайымыз – осы. «Отыздан асып барамын» әнін орындамаған әнші жоқ. Бірақ мен біреуден гонорар немесе сыйақы алып көрген емеспін. Әншілер сазгерлерді менсінбей ме, әлде «шыққан ән ғой» деп айта бере ме, білмеймін. Ешқайсысы қолды да алмайды, – дейді Садық Қынат.
Әуесқой сазгердің «Отыздан асып барамын» хитінен бөлек, кезінде зағип балалардан құралған «Сәт» триосын халыққа танытқан «Көнеміз ғой» әнінің авторы екенін де көпшілік біле бермейді.
Бұл ән 1993 жылы шыққан. Сол жылы мен 40-қа келген едім. Мұқағали Мақатаевтың «Отыздан асып барамын» деген өлеңін жатқа білетінмін. Содан туған күнде «Қырықтан асып барамын» деп айтамын ғой деп, ән таппай жүргенмін. Ол кезде Төрткөлде тұрамын. Сол Төрткөлге кетіп бара жатып, осы ән келді. Ол кезде телефон жоқ, солай отырыстарда айтып жүрдім. Содан Айқожа деген әнші бала келіп, «осы әніңізді ұнатып қалдым» деп сұрады. Содан тарап кетті. Шымкенттіктердің бәрі тойда айтады, – дейді сазгер.
Еске сала кетсек, бұған дейін «Аспанға қараймын» әні авторының такси жүргізіп және «Аппақ қар» әні авторының «петакта» қара жұмысқа жалданып нәпақа тауып жүргендерін жазған болатынбыз.