«Абай Бегейге өкпелімін»: «Аспанға қараймын» әнінің авторы такси жүргізіп жүр
Сол әнмен барлық жағдайын жасап алды да маған көмектеспеді, - дейді
Абай Бегейдің бағын ашқан «Аспанға қараймын» әнінің авторы Дәуір Абайұлы «Астарлы ақиқат» бағдарламасында өзінің әншіге реніші барын айтты.
Қазір шығармашылықтан жырақтап қалдым. «Аспанға қараймын» деген әнім хит болды, бірақ мен үшін аса бір материалдық пайдасы болмады. Тек кей адамдар «Әннің авторы Қызылорданың жігіті екен, Дәуір деген азамат екен» дегені болмаса, келіп-кетер байлығы да, пайдасы да болмады. Қазір өзімнің несібемді такси жүргізушісі болып тауып жүрмін. Көлігімді несиеге алғанмын. Ай сайын 148 мың теңге несие төлеймін. Одан бөлек, басқа да қарыздарым бар. Жалпы сомасы 298 мың теңге төлеп отыруым керек. Шүкір, табысым өзіме жетеді, – деді Дәуір Абайұлы.
Сондай-ақ әннің авторы Абай Бегейден бірнеше рет көмек сұрап хабарласқанда, ол қолұшын созбаған.
Абай Бегеймен арамыз жақсы деп айта алмаймын. Бірнеше рет көмек сұрап хабарласқан болатынмын. Бірақ «жоқ» деген жауап алған соң, әрі қарай түсінікті болды. Сосын мен де қоя салдым. Абай Бегей сол әнмен барлық жағдайын жасап алды. Бір хабарласып, «Ой, Дәке, жағдайың қалай? Не істеп жатырсың?» деп сұрауына болар еді ғой. Жалпы менің ғана емес, әрбір хит болған ән авторының көкейінде бір дық бар шығар деп ойлаймын. Мен де өкпелімін. Ақшалай көмек сұрағанымда «Жоқ!» деп кесіп айтты. Негізі оған дейін де арамызда түсінбеушілік, кикілжің болғаны рас, – дейді сазгер.