Абай және Қызылорда шаруалары елордаға 830 тонна өнім әкеле жатыр
Ет, күріш, балық, бал, қымыз, шұжық өнімдері, Арал тұзы... бәрі бар
28-29 қыркүйекте Астанада Абай және Қызылорда облыстары тауар өндірушілерінің қатысуымен ірі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.
Екі облыстың шаруалары Астанаға нарықтық бағадан төмен бағамен 830 тоннадан аса жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімін әкеледі.
Сатылатын тауарлар тізімінде ет, күріш, балық, көкөністер мен жемістер, өсімдік майы, сүт өнімдері, бал, қымыз, шұжық өнімдері, бақша дақылдары, ас тұзы, сондай-ақ кондитерлік өнімдер бар.
Жәрмеңкені өткізу барысында елорда тұрғындары мен қонақтары Абай және Қызылорда облыстары әртістерінің қатысуымен ойын-сауық, концерттік бағдарламасын тамашалай алады.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі сенбі-жексенбіде сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін ашық болады.
Еске сала кетсек, биыл жәрмеңке «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы, Қарқаралы тасжолы, 1-де өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін оны өткізу кезеңінде №18, 37, 303 және 323 автобус маршруттары жүреді.
Жалпы, жәрмеңкелер әр демалыс күндері 27 қазанға дейін өтеді.