Жыл соңында қызыл балық пен уылдырық қымбаттайды

Жыл соңында қызыл балық пен уылдырық қымбаттайды market.yandex.ru
bai-bol.kz bai-bol.kz | 19 қыркүйек, 2024

Сырттан жылына шамамен 41 мың тонна балық өнімдерін әкелеміз

2024 жылдың соңына қарай қызыл балықтың бағасы кемінде 15-20% өсуі мүмкін. Бұл мәселе Қиыр Шығыстағы лососьті өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты болып отыр.

Камчатка өлкесіндегі лосось өндірушілер қауымдастығының мәліметінше, 2024 жыл сәтсіз болды. Мысалы, 2023 жылы Қиыр Шығыста шамамен 600 мың тонна балық ауланса (Камчатканың өзінде шамамен 490 мың тонна), биыл тек 200 мың тонна балық ауланады.

Бүкіл аймақтағы жағдай бірдей. Приморье балық шаруашылығы кәсіпорындары қауымдастығының президенті Георгий Мартыновтың айтуынша, бұл су биоресурстарының өмір сүру заңдылықтарымен түсіндіріледі. Бірнеше жылдағы мол аулау шаралары құлдырауға алып келген.

600 мың тонна лосось аулаудың жоғары жүктемесінен кейін көлемнің төмендеуі – заңдылық. Бұл – ғылым, бұл – табиғат, барлығына түсінікті жағдай, - дейді Георгий Мартынов.

Қалай болғанда да биыл әлемде қызыл балық аз болады. Демек оның бағасы кемінде 15-20% өседі деседі сарапшылар.

Әрине, қызыл балық өндірудің жаһандық төмендеуі Қазақстандағы балық дүкендерінің сөрелерінде де көрініс табады.

Айта кетсек, елімізде балық өнімдері жылына 90 мың тоннаға дейін сатылады. Қазақстанда 1 мыңнан аса балық шаруашылығы субъектісі жұмыс істеп тұр. Оларға 2 мыңға жуық балық шаруашылығы су айдындары мен олардың учаскелері бекітілген. Салада 11 мыңнан аса адам жұмыс істейді.

Елдің табиғи су қоймаларында жыл сайын шамамен 40-45 мың тонна балық ауланады. Ал өсірілген балықтың көлемі шамамен 15 мың тоннаны қамтиды және бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Біз шетелге, соның ішінде Еуропаға 30 мың тоннаға жуық өнім импорттаймыз.

Қазақстанда балықтың лосось тұқымдары өндірілмейтіні түсінікті. Сондықтан біз сырттан жыл сайын шамамен 41 мың тонна балық өнімдерін, негізінен мұхит және теңіз балық түрлерін әкелеміз. Тек Ресейдің өзі Қазақстанға 12-13 мың тоннаға дейін түрлі балық жеткізеді.

Біз сибасты Түркиядан, Нидерландыдан және Франциядан сатып аламыз. Балық өнімдері мен скумбрияны Даниядан, Исландиядан, Норвегиядан және Ұлыбританиядан алдырамыз. Поллок, лосось, майшабақ, форель Ресейден, Норвегиядан, Қырғызстаннан, Эстониядан және Чилиден келеді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда жан басына шаққанда балық аз тұтынылады. Мәселен, егер ДДСҰ бір адамға жылына кемінде 16 келі балық өнімін тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 келіден аз. Өз кезегінде көршілес Ресей мен Қытайда бір адамға тиісінше 20-40 келі тұтынылады.