Қытай көліктерінің қаптауы отандық өндіріске кері әсер ете бастады
Соған бола автонесие алатындардың көрсеткіші жоғары
Көпшілік темір тұлпарды жалға алып, жан бақса, енді бірі сол көлікті несиеге алып, нәпәқасын тауып жүр. Биыл жылдың ІІ тоқсанында 1 миллионға жуық адам несібесін несиеге байлап, көлікті болуға өтінім берген. Осы және өзге де жаңалықтар «Астана» телеарнасының «Экономика» топтамасында айтылды.
Елімізде ипотекаға сұраныс азайып жатыр. Екінші тоқсанда несие алуға өтініштер 210 мыңға дейін төмендеген. Мамандар оны қарыз беру шарттарының күшейтілуіне байланысты дейді. Бірақ тұтынушылық несиеге сұраныс артып келеді. Кепілмен қамтамасыз етілген берешектерге 46 мың, ал кепілсіз несиеге 22 млн-ға жуық өтінім түскен. Әсіресе автонесие алатындардың көрсеткіші жоғары. 1 миллионға жуық адам қарыз алуға ниет білдірген. Көпшілік Қытайдың темір тұлпарына қызығушылық танытқан. Бұл отандық өндірістің кенжелеуіне әсер етіп жатыр. Айта кетейік, биылғы жарты жылдықта 63 мың жеңіл көлік құрастырылды. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, шамамен 20 пайыз аз.
Қазір баспанасын жалға берушілердің дәуірі жүріп тұрған кезең. Жатақханадан орын ала алмағандар пәтер жағалауға мәжбүр. Мамандар оқу жылының басталуына байланысты ірі мегополистерде жалға алу құны шамамен 10 пайызға қымбаттағанын айтады. Десе де, сұраныс өте жоғары. Мобильді қосымшада Алматы қаласынан бір бөлмелі пәтерді жалға алу бойынша 8 600 ұсыныс бар. Жалға алудың орташа құны – 230 мың теңге. Екі бөлмелі пәтердің 4 700 нұсқасы бар. Бағасы 250 мың теңгеден басталады. Ал елордада 10 мыңға жуық бір бөлмелі пәтер жалға беріледі. Оның орташа құны – 160 мың теңгенің шамасы. Ал екі бөлмелі баспана 230 мың теңгенің айналасында саудаланып жатыр.
Табысы жақсы, қалада тұратын адамдар жаман әдеттерге бейім келеді екен. Қоғамдық саясат институты сауалнама жүргізген. Оған 18 жастан асқан 2 мың адам қатысты. Жауап бергендердің 52 пайызы әдеттерінен арылғысы келетіндерін айтқан. Ер адамдардың 37 пайызы темекіден, 22 пайызы энергетикалық сусындардан бас тартқысы келеді. Ал әйелдердің 27 пайызы фаст-фудты, 27 пайызы интернетті пайдалану уақытын қысқартуға ниетті. Олар күніне шамамен 3 сағатын желіде өткізеді екен. Сондай-ақ ажырасқандармен салыстырғанда, некедегі адамдардың жаман әдеттері аз болатын көрінеді.