Ұзақ уақыт бойы зиянды жұмыс істегендерге 1,7 млрд теңге төлем есептелді
Арнайы төлемнің орташа мөлшері – шамамен 208 мың теңге
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшыларға арнайы әлеуметтік төлем енгізілді.
Арнайы төлемді тағайындау үшін 55 жасқа толуы және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы міндетті.
Үкіметтің ақпаратына сәйкес, бүгінде зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген 9 145 адамға 1,7 млрд теңге төлем тағайындалған.
Қаржы 4 көзден – республикалық бюджеттен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, жұмыс берушіден және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді.
Арнайы төлем тағайындауға өтініш білдіргендердің ең көбі Қарағанды (1 696 адам), Қостанай (1 180 адам), Шығыс Қазақстан (1 132 адам), Павлодар (1 015 адам), Ақтөбе (599 адам), Ақмола (566 адам) және Абай облыстарында (505 адам) тіркелді.
Арнайы төлемнің орташа мөлшері – шамамен 208 мың теңге. Жұмысшылар жалақыны да, арнайы төлемді де алуды жалғастыра отырып, денсаулыққа зияны аз жұмысқа ауыса алады немесе олар зейнетақы тағайындалғанша төлем ала отырып, демалысқа шыға алады, – делінген Үкімет хабарламасында.
Арнайы төлем зейнет жасына дейін беріледі. Зейнетке шыққаннан кейін БЖЗҚ-дан төленетін төлемдерге қосымша мемлекеттік базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындалатын болады.