Ләйлә Сұлтанқызының анасы қалыңмал мен мәһрді біріктіруге қатысты пікір білдірді
Айтуынша, Шымкентте қалыңмалдың өзі 5 млн теңгеге дейін барады
Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының анасы Қазақстанда қалыңмал мен мәһрді біріктіру мәселесіне қатысты өз ойын айтты.
Бұл ретте тележүргізуші Instagram-дағы парақшасына жариялаған видеода анасынан ҚМДБ-ның қалыңмал мен мәһрді біріктіру шешіміне қатысты ойын сұраған.
Дұрыс болған екен. Қалыңмал мен мәһр бірге болсын. Біздің Шымкент жақта қалыңмалдың құны миллион еді, 2 миллионға көшті. Біздің заманда мәһр де жоқ, түк те жоқ. Неке суына тиын салады. Молда келеді. Сол суды сен іш, мен іш, сонымен болды. Мәһр дегенді енді естідік қой. Қалыңмал да азғантай болатын, - дейді Ләйлә Сұлтанқызының анасы.
Сондай-ақ ол Шымкенттегі қалыңмал мөлшері туралы пікір білдірді.
Былтыр 2 миллион теңге болатын. Биыл 3 миллион дейді ғой. Тапқандар 5 миллионға дейін береді. Ал негізі орта есеп 2 миллион болып тұр. Оның ішінде мәһр жоқ. Мәһрі бөлек. Енді екеуін біріктірген болса, 3 миллион болады деген сөз шығар, - дейді одан әрі.