Депутат өз замандастарының қымбатшылықтан қорықпайтынын айтты
Мысалы, ауылдағы қарапайым халыққа өте ауыр, - дейді ол
Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов теңгенің құнсыздануына қатысты өз ойын айтты.
Мәжіліс кулуарында депутатқа «Қазір теңге құнсызданды. 1 доллар 500 теңгеге жуықтады. Сіз қымбатшылықты сезіндіңіз бе?» деген сұрақ қойылды.
Әрине, бәріміз сезініп жатырмыз. Қымбатшылықты кім сезінбей жатыр? Мысалы, ауылдағы қарапайым халыққа өте ауыр. Шынын айтқанда, зардабын тигізіп жатыр. Мысалы, бұрынғы жалақы бірталай затқа жетсе, қазіргі жалақы... - деп ойланып қалды ол.
Алайда депутат 90-жылдардағы дағдарысты көрген адамдарға қазіргі қиыншылықтар қорқынышты емес деп есептейді.
Жетпейді деп айтпаймын. Мен жалақыға өмір сүріп жүрген азамат емеспін. Халықпен араласамын, аудандарға барамын. Содан бәрі байқалады. Менің де туған-туыстарым, сыныптастарым, достарым бар. Өмір бойы кәсіппен айналысқан адам ретінде айтайын, инфляцияның көптеген себебі бар. Сіз рубль теңгеге ауысқанда дүниеде болған жоқ шығарсыз. Халыққа жалақы, зейнетақы төленбегенін көргенбіз. Біз соның бәрінен өттік. Бәрінен өткен адамға ештеңе қорқынышты емес, - деді ол.