Зейнетақы жинағын тіс емдетуге пайдалана беруге болады
Емдеуге дейін және одан кейін рентген-суреттерді ұсыну шарт
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев бүгін ОКҚ-да өткен брифинте зейнетақы жинағы есебінен тіс емі қызметінің ақысын төлеудің жаңа тетігі әзірленгенін айтты.
Ол ведомствоның бұл норманың күшін жоймағанын баса атап өтті.
Қоғамдық талқы үшін бұйрық жобасы арнайы сайтқа орналастырылды. Келіп түскен өтініштерді ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі Стоматологтар қауымдастығымен бірлесіп, жақын арада іске асырылатын тетіктер мен құралдарын пысықтады. Олар бұл мүмкіндікті шектеуге емес, керісінше, диагностиканың аспаптық әдістерін пайдалану арқылы осы қызметті алғанын растай отырып, стоматологиялық қызметтер мен стоматологиялық көмекті алу рәсімінің «ашықтығын» қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Ержан Нұрлыбаев.
Ол стоматологиялық клиникаға да, оның қызметіне жүгінген пациенттерге де қосымша міндеттер сипатында ауыртпалық түсірмейтінін атап өтті. Айтуынша, барлығы медициналық ақпараттық жүйеге сүйене отырып, автоматтандырылатын болады.
Бұған дейін бұл мәселе «Ашық НҚА» порталында талқыланып, Қазақстан ұлттық стоматологтар комитетінің өкілдерінен тұратын жұмыс тобының ұсыныстары мен ескертулерін есепке алғаннан кейін рентген-суреттер сияқты диагностиканың аспаптық әдістерін қамтитын тетік құрылды, - деп толықтырды жауапты министрліктің баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған зейнетақы жинақтарын пайдалану тетігі мынадай бірнеше кезеңнен тұрады:
- тексеру және емдеу жоспарын ұсыну;
- стоматологиялық клиника мен уәкілетті оператор-банк арасында шарт жасасу;
- қызметтерді жүргізу;
- электронды денсаулық паспортына деректерді енгізу.
Емдеуге дейін және одан кейін рентген-суреттерді міндетті түрде ұсыну ашықтықты арттыруға, ықтимал заңсыздықты болдырмауға және азаматтардың қаражатына қатысты алаяқтық әрекеттерге жол бермеуге мүмкіндік береді. Қазір стоматологиялық қызметтерге зейнетақы қаражатын пайдаланудың бұрынғы ережелері қолданылып жатыр, – деп түсіндірді ДСМ баспасөз қызметі.