Сметов 250 мың долларды қайда жұмсайтыны туралы сұраққа жауап берді
Бұл менің 4 жылдық жалақым деп ойлаймын, - деді ол
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов мемлекеттен берілетін 250 мың доллар сыйақыны қайда жұмсайтыны туралы сұраққа жауап берді. Бұл туралы Жамбыл облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде айтылды.
Журналистердің бірі дзюдодан Олимпиада ойындарында алтын медальды жеңіп алған Елдос Сметовтен мемлекет тарапынан берілетін 250 мың доллар (118,9 миллион теңге) сыйақыны қалай игеретінін сұрады.
Әр адам істеп жатқан жұмысы үшін ақша алады. Сізге біреу келіп «Жалақыңды осы айда қайда жаратасың?» деп сұраса, қалай жауап бересіз? Сондықтан бұл әркімнің жеке өміріне қатысты нәрсе деп ойлаймын. Иә, бұл – мемлекеттің менің іс-әрекетімді, жұмысымды, төккен терімді, жетістігімді бағалап, беріп жатқан ақшасы. Ал оны қалай, қайда жарататыным – жеке өміріме қатысты дүние. Былайша айтқанда, бұл менің 4 жылдық жалақым деп ойлаймын, - деді Елдос Сметов.
Еске сала кетсек, ол Париж татамиіндегі доданың финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңіп, алтын медаль еншілеген еді. Осылайша, дзюдодан Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атанды.