Сабаққа тура бір ай қалды: елордада мектеп жәрмеңкелері өте бастады
Шара 31-тамызға дейін жалғасады
Қазір Астанада мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылып жатыр. Қала тұрғындарының назарына оқушыларға арналған кеңсе тауарлары, оқу құралдары мен мектеп формалары ұсынылады. Бағасы да қолжетімді. Өткен жылмен салыстырғанда 10% төмендеген. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Ертерек келіп, бағаларымен таныстым. Өткен жылмен салыстырғанда бағалары төмен екен. Өткен жылы қызым 1-сыныпқа барған болатын. Біз максимум 40 мың теңгеге кеңсе тауарларына сауда жасаған болатынбыз. Сондай-ақ балабақшаға баратын бір ұлым бар. Онда да кеңсе тауарын сұрайды кейде. Сол себепті бағалар биылдыққа мені қанағаттандырды десем де болады, - дейді қала тұрғыны Ғазиза Нұрлыбаева.
Саудагерлер де жәрмеңкедегі тауар бағасының нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан екенін айтады. Бұл жәрмеңкелер сатып алушылар үшін ғана емес, кәсіпкерлер үшін де тиімді деп отыр олар.
Қызығушылық танытады көп адам. Себебі қолжетімді баға. Көп адамға жұмыс әрі. Жылда осы жерде тұрамыз. Өте жақсы ұйымдастырған. Әкімдікке рақмет, - деді кәсіпкер Рая Иманбердиева
Бұл жәрмеңкелер «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында өтіп жатыр. Акция нәтижесінде әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардан шыққан балалар мектеп формалары мен қажетті құрал-жабдықпен қамтылады.
Былтыр 8 040 баланы қамтыған болсақ, биыл 8 500 баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Негізінен осындай осал отбасылардан шыққан балаларды мектепке дайындауда меценаттар мен демеушілердің қаражаты есебінен көмек көрсетілетін болады, - дейді қалалық білім басқармасының бас маманы Құттымұрат Шамшиев.
Бүгінде Астанадағы мектеп жәрмеңкелері 12 жерде ұйымдастырылып отыр. Шара 31-тамызға дейін жалғасады.