Таксидермия – тәуір табыс көзі

Таксидермия – тәуір табыс көзі wowprofi.ru
Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов | 1 тамыз, 2024

Қасқырдың терісінен кілемше жасаудың бағасы – 100-120 мың теңге

Қазақ қоғамына «таксидермия» деген атаудың өзі таңсық болары сөзсіз. Өйткені төріне негізінен жыртқыш аңдардың терісін, арқардың бассүйегін, бұғының мүйізін, киіксирақ сапты қамшысын іліп қойғаны болмаса, «тірі тұлып жасау» өнері ұлттық ұғымымызға жат болды. Алайда қазір замана көшінен қалмауға тырысқан қазақ жігіттері де таксидермияның қыр-сырын жетік біліп, шебер игеріп, тіпті оны қосымша кәсіп көзіне айналдыра бастаған.

Бұның түбі ежелгі Еуропада жатыр

Таксидермия атауы – грекшеден аударғанда, taxis (реті, дайындығы, орналасуы) және derma (тері, тұлып) деген сөздердің қосындысы. Яғни, «терінің орналасуы» немесе «тері өнері» дегенді білдіреді екен.

Жалпы, жан-жануарлардың терісін сақтау ежелден бері қолданылып келеді. Мысалы, құстарды сақтаудың алғашқы әдістері 1748 жылы Францияда көрініс тапқан. Ал тұлыпты монтаждау тәсілдерін 1752 жылы М. Столлас қолданып көрген. Сол сәтте Франция, Германия, Дания және Англияда таксидермияның бірнеше бастауы қалыптасты. Алайда бертінге дейін кейбір жұмсақ бөлшектерді пішіндеу үшін балшық қолданылып, ол тұлыптардың салмағын ауырлатып жіберген.

Шын мәнінде, таксидермияның «алтын ғасыры» Виктория дәуірі болды. Сол кезде жануарлардың интерьер дизайнын танымал еткен ағылшын орнитологы Джон Хэнкок қазіргі таксидермияның атасы атанды. Одан кейін ағылшын таксидермисті Уолтер Поттер бұл өнердің ең танымал меңгерушісі мәртебесіне ие болды.

Міне, енді қазір табиғи-тарихи музейлердің дені осы таксидермия өнерінің жемісі – жер бетінен жойылып кеткен және «Қызыл кітапқа» енген тіршілік иелерінің «тірі тұлыбын» жұрт назарына ұсынып отыр. Еуропада «әбден бауыр басып қалған» үй жануарларын өлімге қимайтын тұрғындар да оған деген сағынышын басу үшін таксидермистің көмегіне жүгінетін болып алған.

Осы орайда «Американың шынайы тарихи музейіне» бас сұққан жерлесіміз Тәуірбек Бозекенов әлеуметтік желіде ол жерден көрген-білгенін ортаға салып, өзінің алған әсерін бөлісті. Айтуынша, ол музейде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 32 миллион экспонат бар екен.

Аспанмен астасқан ғимараттардың ортасынан келіп, бір залға кіргенде Африканың қалың ормандарында жүргендей боласыз. Кіреберістегі пілдердің үйірі сізді таптап өтіп, жыртқыш аңдары балтырыңыздан шап беріп, құстары басыңызды шоқып алатындай. Ал төбедегі колонкадан ақырын ғана ырылдаған арыстанның дауысын естігенде ол сізді шөптің арасынан аңдып келе жатқандай күй кешесіз. Адреналин! Өмірімде көрмеген қосмекенділер, балықтар, суда мекен ететін барлық тіршілік атаулының тұлыптарын көріп, еріксіз «Уау!..» дейсің. Басыңды шайқап, таңдай қағасың. Қысқасы, АҚШ-та таксидермия ғылымы өте жақсы дамыған, – дейді Тәуірбек Бозекенов.

Қазақстанда қалай дамыған?

Бүгінде таксидермияның көптеген әдіс-тәсілі дамыған. Оның өз елімізде де өркен жайып келе жатқанын журналист, аңшы Ерік Рахым өзінің Facebook-тегі парақшасына жазды.

Таксидермист деген жақсы мамандық бар. Аңның терісін әдемілеп илейді, тірі аңға ұқсатып қалыпқа салып, формасын келтіріп те береді. Неге екенін білмеймін, осы күнгі қазақтар бұл өнерге қызықпайды (айранға салып илеу есеп емес). Негізі бұл өнер – жақсы табыс көзі. Мәселен, қасқырдың терісінен кілемше жасаудың бағасы – 100-120 мың теңге. Аң терісінің көлеміне, формасына қарай қымбаттай береді. Шебер таксидермист ешқашан жұмыссыз отырмайды. Оған көзім жетті. Енді есептей беріңіз, айына оншақты тері илеген шебер қанша табады?.. Әне! Таксидермияны үйреніңдер, достар! – дейді аңсақ әріптесіміз.

Кейін ол оқырмандарын Алматыдағы Атакенттің 9-павильонында аңшылар мен балықшылардың көрмесі басталғанынан құлағдар етті.

Орыстың ұсталары жасаған пышақтарын әкеліпті. Қазақтың шебер ұсталары қайда? Таксидермия деген өнер бар. Таксидермист тері илейді, жабайы аңдардың терісін арнайы қалыпқа кигізеді. Қазақтың таксидермистері қайда кеткен? - деп шырылдады бұл жолы да.

Қазақта таксидермист жоқ емес, бар. Мысалы, сол Facebook-ке Бауыржан Таубаев деген азамат өз қолынан шыққан қырғауыл, құр, үйрек сынды әртүрлі құстардың видеосын салып тұрушы еді. Кейін оның өзі аккаунтын өшіріп, желіден жырақтап кетті. Сондай-ақ теледидардан атыраулық Қалымбек Жұмашевтің өз үйін көркем туындылар көрмесіне айналдырғанын көзіміз шалып қалды. Соның ішінде аң терісінен дайындалған тұлыптар көп екен. Сондықтан шығармашылықпен 30 жылдан аса уақыт айналысып келе жатқан азамат өңірде өнер адамдарына арналған орталық болса деп тілейді.

Жұмысымды интернетке шығарып едім, бір әйел маған: «Неге құсты өлтіресің?» деп жазып жіберіпті. Мен оған: «Ол – өліп қалған құс. Керісінше, мен оны «тірілтіп», екінші өмір бердім» деп жауап жаздым, – дейді Қалымбек Жұмашев.

Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамының аңшылық, таксидермия өнеріне деген көзқарасы осындай болып тұр. Осы екеуімен айналыстың ба, бітті, қарапайым бұқара үшін сенен асқан қаныпезер, жауыз адам жоқ сияқты. Өйткені қазақ тіліндегі насихат кемшін. Осы орайда біз таксидермияны «тіршілік иесін өлтіру емес, керісінше, оның өлексесін кәдеге жарату» деп түсіндірген таксидермист Роман Кузьминмен аз-кем әңгімелескен едік...

АҚШ-та ғана арнайы мамандық

– Роман, таксидермия тәуір кәсіп пе? Өзіңіз мұнымен қашаннан бері айналысасыз? Қалай меңгердіңіз?

– Таксидермия – ТМД елдерінде қолөнер. Өйткені ол шеберден-шеберге ғана өтіп отырады. Ал арнайы мамандығы тек АҚШ-та бар. Онда таксидермия университеттерде оқытылады. Одан басқа еш жерде оқытылмайды. Мен таксидермиямен 1993 жылы Алматы хайуанаттар бағында Евгений Родионовтың жанында жүріп айналыса бастадым. Ол – өткен ғасырда белгілі таксидермист М. Заславский негізін қалаған, таксидермияның Кеңес Одағына әйгілі ескі мектебінің өкілі. Бақытыма орай, 1995 жылы бүгінде әлемдегі ең жақсы таксидермистердің бірі, таксидермия бойынша Еуропа мен әлемдегі бірден-бір чемпион, литвалық шебер Кястас Бибартаспен кездестім. Содан ол мені Литваға оқуға және Каунастағы Тадас Иванаускас музейінде жұмыс істеуге шақырды. Сол жылы, яғни 22 жасымда қуана-қуана барып, Литвада керемет шеберлермен жұмыс істедім. Одан кейін 2004 жылы Мәскеуге оқуға барып, Ресейдің ең жақсы таксидермисі Александр Соколовтың қасында біліктілігімді арттырдым.

– Таксидермиямен айналысу үшін аңшы, хирург, тігінші, шебер болуың керек. Сондай-ақ тағы қандай қасиеттерді талап етеді?

– Иә, мұнымен айналысу үшін алдымен аңшы болуың керек. Сонымен қатар жануарлар мен құстардың анатомиясын білу үшін бойыңызда мүсіншілік, суретшілік қабілет те болуы шарт. Ең бастысы, шын қалауыңмен айналысып, қыр-сырын өмір бойы үйрену маңызды. Былғары ісін, яғни жануарлардың терісін өңдеуді зерттеп-зерделеп алған абзал.

– Таксидермияға қай құралдар пайдаланылады? «Тірі тұлып» жасаудың машақаты қандай?

– Әлгінде айтып өткенімдей, ол үшін былғары ісін, жан-жануардың анатомиясын білу керек және көркемдік көзқарас болуға тиіс. Қазір оған қажетті түрлі қоспалар адам денсаулығына зиян емес. Мәселен тон, тымақ сынды киімдерге де аң терісін өңдеу үшін қолданылып жүр ғой. Сонымен қатар сапалы жануар немесе құс жасау үшін полиуретанды манекендер пайдаланылады. Ал анатомиялық тұрғыдан дұрыс мүсіндер, шыны немесе пластикалық көздер Ресейде және Еуропада жасалады.

Бір құстың немесе аң-жануардың көшірмесін жасауға қанша уақыт кетеді?

– Мысалы, теріні алғашқы өңдеу мен дайындауды есептемегеннің өзінде, тек құстың тұлыбын қалпына ұқсатып жасау үшін 3 күннен бір аптаға дейінгі уақыт кетеді. Ал жануарлардың тұлыбы 1 ай және одан да көп уақытты алады.

– Аң-құстардың тұлыбына кімдер тапсырыс береді? Шамамен күніне, айына қанша пайда түседі?

– Көбіне сол олжаларын сақтап қалу және аң аулаған уақытын еске түсіру үшін аңшылар тапсырыс береді. Бұл – аңшылық мәдениетінде бар дәстүр ғой. Ежелден адамдар өз үйлеріне терілерді, қабыршақтарды, аулаған жануарлардың мүйіздерін іліп, аң терісінен сырт киім мен аяқкиімдер тігіп келген дегендей...

– Қосымша жұмыс істемей, тек осы саламен пайда табуға бола ма?

– Бұл – бизнес емес, қолөнер. Сіз мұның бәрін қолыңызбен жасайсыз және одан көп ақша таба алмайсыз. Біз АҚШ немесе түзден олжа алу жағы қатты дамыған Еуропада емеспіз. Қазақстанда таксидермистер бар, алайда бұған тым аз адам мән береді. Мен өз тәжірибеммен бөлісіп, біреуге үйреткім келеді. Өкінішке қарай, бұл саладан әлі ешқандай келешек көріп тұрған жоқпын. Ал пайда жағына келсек, адам ең алдымен бұл қолөнермен «ауырып», қанша ақша табатынын емес, не істейтінін ойлауға тиіс.

Роман Кузьминнің жеке мұрағатынан
Роман Кузьминнің жеке мұрағатынан

Таксидермия

 

Науқастың өмірі-ай, ізі – құт,

Үміт пен күдігі алмасқан!

Қандауыр жүзімен үзіліп,

Иненің ұшымен жалғасқан.

 

Сынақтың белгісін дұрыс ұқ,

Хақ Тәңір сездірген шамасын!

Тыртығы бөліп тұр тырысып,

Күпір мен шүкірдің арасын...

 

Тек қана жандыны сақтамас,

Қандауыр, ине-жіп қолдағы.

Тәрізді екеуі бақталас,

Жарысып жансызды оңдады.

 

Тіршілік иесі терісін

Ашу да, жабу да – зор өнер.

Көтерсе төзім мен ебі сын,

Оң ісін ісмердің көре бер...

 

Бір өзі балықшы, аңшы да,

Қасапшы – шымшықты соятын.

Суретші – жан берер тамшыға,

Мүсінші – пішінді оятын.

 

Тігінші, хас шебер ол адам,

Тұлыпты тұнжыр ғып «тірілткен».

Мүсінін құймай-ақ қоладан,

Мамонтты тұрғызды жіліктен.

 

Сұсы мен мысы бар жыртқыштың,

Қимылсыз қараған қалпында.

Түр-түрін қызықтап жұрт құстың,

Бергісіз көреді алтынға.

 

Жәндік те әркімді еліткен –

Үй сәні, жақынға сый әрі.

Ал мерген аңдысып елікпен,

Неліктен атуға қияды?!.

 

Музейде сақталса шын егер,

Ойлантар жойылған тіршілік.

Білгенге бұл өнер – ұлы өнер,

Өткеннен сыр шерткен күрсініп.

 

Игі іске қарайды жирене,

Игере алмайтын мәңкүс кей...

Әрине, қандауыр, инеге

Жан емес, ажалды аң түскей!

             Еркеғали БЕЙСЕНОВ