Алматыда кәсіпкер LEGO брендінің атынан қауіпті ойыншық сатқан
4 млн теңгеден астам сомаға 3 145 контрафактілік өнім тәркіленді
Алматыда кәсіпкер LEGO тауар белгісін заңсыз пайдаланып, контрафактілік өнім сатқан.
Lego Juris A/S компаниясы өкілінің өтініші бойынша, Алматыдағы көтерме сауда базарларының біріндегі кәсіпкердің дүкенінде жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Тексеріс барысында кәсіпкердің балаларға арналған ойыншықтарға LEGO тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны анықталды.
Нәтижесінде 4 миллион теңгеден астам сомаға 3 145 контрафактілік өнім тәркіленді. Бұл ойыншықтар зияткерлік меншік құқығын бұзып қана қоймай, балалардың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Контрафактілік ойыншықтарда қауіпті химиялық заттардың болуы және сапасыз материалдардан жасалу мүмкіндігі зор. Бұл балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне ауыр зардаптар әкелуі мүмкін, — делінген Әділет министрлігінің хабарламасында.
Қазір кінәліні әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша іс жүргізу шаралары қабылданып жатыр. Істің материалдары күдіктіні одан әрі жауапқа тарту үшін сотқа жіберіледі.