Жетісу облысында 23 мыңнан аса адам cалықтан жалтарып жүр
Оның ішінде 2 мыңға жуық кәсіпкер бар
Бұл – былтырмен салыстырғанда 2 есе көп жағдай. Бүгінде өңірлік мемлекеттік кірістер департаменті 1 млрд теңгеге жуық қаржы өндірген.
Әсіресе жетісулық кәсіпкерлер арасында тапқан табысын жасырып, салықтан жалтару фактілері көбейіп барады. Былтыр да осындай келеңсіз оқиғалар болған еді. Дегенмен іске сот араласып, кәсіп иелері заң аясында тығырыққа тірелген. Биыл 2 мыңға тарта кәсіпкер мемлекетке салық төлеуден қашып жүр.
Біз кәсіпкерлерге ескерту жасадық. Арнайы хабарлама да жолданды. Заң аясында бәрі де мемлекетке салық төлеуге міндетті. Бізді қазір мемлекет алдындағы жауапкершіліктен қашқан жеке тұлғалар алаңдатып отыр. Бүгінде 22 мыңға жуық жеке тұлға салықтан сытылып шығудың амалын іздеуде. Оның басым бөлігі – автокөлік тізгіндеген жергілікті жүргізушілер. Олар табысын барынша жасырып бағады. Сол себепті біз құқық қорғау органдарымен бірлесіп, арнайы рейдтік шаралар жүргізудеміз. Биыл осындай 16 шара өткізілді, - дейді өңірлік мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Қазбек Мұхамбеталиев.
Аталған департамент өкілдері соңғы 6 ай ішінде 14 салықтық тексеріс жасаған. Тексеріс барысында 1,614 млрд сомасында берешек анықталған. Оның 975 миллионы өндіріліп, қалған қаржы бойынша шаралар қабылданыпты. Өкінішке қарай, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш көңіл көншітпейді.
Департамент мамандарының айтуынша, көлік салығын төлеу тәсілі жеңіл. Қазір kaspi.kz, halyk, forte қосымшалары арқылы кез келген жерде қарызынды өтей аласыз. Тіпті шетелде жүріп те бұл процесске араласуыңызға болады. Тек қосымша ішінде көрсетілген анықтамаларды мұқият толтыруыңыз шарт. Мәліметтен қате кетпеуі қажет.